КазҰУ-да Эколог күні аталып өтіп, биоалуантүрлілікті сақтау және планетаның тұрақты болашағы мәселелері талқыланды — ҚазҰУ

91ý

КазҰУ-да Эколог күні аталып өтіп, биоалуантүрлілікті сақтау және планетаның тұрақты болашағы мәселелері талқыланды

5 маусым 2026
КазҰУ-да Эколог күні аталып өтіп, биоалуантүрлілікті сақтау және планетаның тұрақты болашағы мәселелері талқыланды

2026 жылғы 5 маусымда, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні (Эколог күні), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында «Жанды планета: биоалуантүрлілікті сақтау – тұрақты болашақтың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО» кафедрасы және география және табиғатты пайдалану факультетінің экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі Орталық Азия–Герман институты ұйымдастырды. Бұл шара мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдерін, ғалымдарды, оқытушылар мен студенттерді біріктірді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты биологиялық әртүрлілікті сақтаудың өзекті мәселелерін талқылау, ғылыми және практикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ жастардың экологиялық мәдениетін арттыру болды. Іс-шараның Эколог күні аясында өтуі экологиялық күн тәртібінің өзектілігін және табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын ерекше айқындады.

Қатысушыларға құттықтау сөзбен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Алия Сагындыковна Актымбаева сөз сөйлеп, ғылым, білім және қоғам күштерін біріктірудің қазіргі экологиялық сын-қатерлерді шешудегі маңызын атап өтті.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Қоғамдық даму орталығының өкілі Бахытгүл Қасыметова «Таза қала» экологиялық жобасын таныстырып, халықтың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру және жастардың қалалық табиғатты қорғау бастамаларына қатысу мәселелерін қарастырды.

Қазақстан флорасы мен фаунасының сирек әрі бірегей түрлерін сақтауға арналған баяндамалар ерекше қызығушылық тудырды. Аға ғылыми қызметкер Айжамал Шорманова жойылып бара жатқан және сирек қызғалдақ түрлерін сақтау жөніндегі зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеуші жабайы қызғалдақтардың Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасының маңызды бөлігі екенін және ерекше қорғауды қажет ететінін атап өтті.

Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аға ғылыми қызметкері Аманбол Сайлауханұлы Қазақстанның жабайы табиғатының символдарының бірі – қар барысына арналған баяндамасын ұсынып, популяция мониторингі нәтижелері мен оны сақтаудың заманауи тәсілдерімен таныстырды.

Зоология институтының ғалым хатшысы Гүлжанат Танабекова жабайы жеміс өсімдіктерінің генетикалық ресурстарын сақтаудың маңызын атап өтті. Оның баяндамасы Сиверс алмасына арналды, ол әлемдегі көптеген алма сорттарының арғы тегі болып саналатын бірегей жабайы түр екені және оның жаһандық маңызы ерекше екені айтылды.

Сондай-ақ Алматы қаласы қоғамдық даму орталығының ғылыми және білім беру саласымен өзара әрекеттесу  бөлімінің жетекшісі Бахыткүл Техниковна студент-экологтарға қызықты сұрақтар дайындап, олардың қызығушылығы мен креативтілігін көрсетуге мүмкіндік берді. Өз сөзінде «Таза қала» жобасының координаторы Алмаз Алимжанов және Алматы қаласы аталған бөлімінің бас маманы Майя Абисатова жастарды экологиялық бастамаларға тартудың маңызын, әсіресе «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында, ерекше атап өтті.

Бағдарламаның мотивациялық элементі ретінде «ЮНЕСКО-ның тұрақты даму жөніндегі» кафедрасының студенттері, магистранттары мен докторанттары – халықаралық экологиялық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің сөз сөйлеуі болды. EcoNomads KZ командасы Anthropocene Case Competition 2026 Finals (Венгрия) халықаралық финалындағы қатысу тәжірибесімен бөлісті, онда Қазақстанды халықаралық деңгейде сәтті таныстырды. ТМД елдері университеттері арасындағы XV Халықаралық экологиялық олимпиада жеңімпаздары (Беларусь) өз тәжірибелерімен, жарыс кезеңдерімен және жетістіктерімен бөлісіп, КазҰУ-ды халықаралық деңгейде лайықты таныстырды. Бұл баяндамалар білім алушылардың жоғары дайындық деңгейін және олардың жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысуын айқын көрсетті.

Дөңгелек үстел ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік құрылымдар өкілдері мен жастар арасындағы тиімді кәсіби диалог алаңына айналды. Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы ғылыми зерттеулерді, экологиялық білім беруді және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің маңызды шарты ретінде атап өтті.