- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ зерттеушілері Моңғолияда өткен 15-ші Азия туризм форумында зерттеулерін ұсынды
ҚазҰУ зерттеушілері Моңғолияда өткен 15-ші Азия туризм форумында зерттеулерін ұсынды
2026 жылдың 11-14 маусымында Ұланбатыр қаласында «Қонақжайлылық пен туризмдегі азиялық парадигма» тақырыбымен 15-ші Азия туризм форумы (Asia Tourism Forum 2026) өтті. Оның жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің делегациясы қатысты.
Форум 1993 жылдан бері өткізіліп келеді және Азиядағы туризм саласының жетекші ғылыми алаңдарының бірі саналады; Моңғолия оны алғаш рет қабылдады. Ұйымдастырушылар қатарында Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрлігі, Ұланбатыр&Բ;қаласының туризм департаменті, Моңғолия туризм ұйымы, Гонконг политехникалық университеті (PolyU) және Туризмді дамыту мен білім беру қоғамы болды. Үш күн ішінде форум 22 елден – Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Оңтүстік Корея, Қытай, Индонезия, Лаос, АҚШ, Германия мен Аустралияны қоса алғанда – жүзден астам баяндамашы мен зерттеушіні бір жерге жинады. Ашылу салтанаты мен пленарлық отырыстар «Улан-Батор» қонақ үйінің Үлкен залында өтті; талқылау туризмнің дамуы, маркетингі, сервисті басқару және тұрақтылық мәселелерін қамтыды.
ҚазҰУ-ды форумда рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Елдар Нұрұлы бастаған бес адамнан тұратын топ таныстырды. Онымен бірге кафедраның төрт жас зерттеушісі – Әмина Шырынтай, Айсулу Сембаева, Аружан Серікбол және Еркежан Дәулетханова баяндама жасады. Олардың зерттеулері цифрлық деректер мен кеңістіктік талдауды туризмді зерттеуде қолдануға арналған – ұлттық парктердегі туристік жүктемені бағалаудан бастап қалалық ортадағы экотуризм әлеуетіне дейін:
- Жоба ассистенті Әмина Шырынтай «Conceptualising Tourism Pressure in National Parks Through Digital Traces» («Цифрлық іздер арқылы ұлттық парктердегі туристік жүктемені тұжырымдау») баяндамасын ұсынды – келушілерді есепке алу жүйесімен жабдықталмаған ұлттық парктердегі туристік жүктемені бағалау әдісі туралы. Жұмыста талдаудың үш қырын – келушілердің кеңістіктік таралуын, толып кетуді қабылдауды және аумақтың экологиялық осалдығын – біріктіретін Digital Pressure Profile композиттік индикаторы ұсынылды. Ол бағалауды цифрлық іздер негізінде жүргізеді: геобелгілер, фотосуреттер мен пікірлер арқылы. Әдісті Тянь-Шаньның үш ұлттық паркінде – Іле-Алатау (Қазақстан), Ала-Арча (Қырғызстан) және Угам-Чаткал (Өзбекстан) – сынақтан өткізу жоспарланған. Бірлескен авторлары – Елдар Нұрұлы және PolyU қонақ үй және туризм менеджменті мектебінің (SHTM) өкілі Dr. Faye Hao.
- Жоба ассистенті Айсулу Сембаева «Digital Visibility of Tourism Activity in a Mountain National Park: A Cross-Platform UGC Analysis» («Таулы ұлттық парктегі туристік белсенділіктің цифрлық көрінушілігі: пайдаланушылық контентке кросс-платформалық талдау») баяндамасын ұсынды. Ол Іле-Алатау ұлттық паркі бойынша 86 мыңға жуық цифрлық жазбаны талдауға негізделген, оның ішінде Flickr-дегі 22 мың фотосурет пен Google Maps-тегі 64 мың пікір. Талдау әртүрлі платформалардың туристік белсенділікті әртүрлі көрсететінін анықтады: олардың кеңістіктік сәйкестігі небәрі 1% шамасында. Бұдан «цифрлық көрінушілік» келушілердің нақты санына сай келмейтіні және парктің қолжетімі қиын бөліктерін үнемі қамтымай қалатыны байқалады. Баяндаманың бірлескен авторлары – Елдар Нұрұлы мен Dr. Faye Hao (PolyU).
- 1-курс магистранты Аружан Серікбол Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы мысалында «Smart Tourism Readiness in Protected Areas: A Tri-Pillar Assessment of Capacity Alignment» («Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ақылды туризмге дайындық: үш тірекке негізделген бағалау») баяндамасын ұсынды. Жұмыста бұл дайындықты үш бағыт бойынша бағалау ұсынылды: байланыс пен цифрлық инфрақұрылым, жергілікті тұрғындар мен бизнестің дайындығы, ведомстволар арасындағы үйлестіру. 47 нүктеде жүргізілген далалық өлшеулер мен 83 респонденттің сауалнамасы нүктелердің 38%-ында тұрақты ұялы байланыс жоқ екенін көрсетті; ал басты кедергі ретінде технологияның тапшылығы да, халықтың қызығушылығының жоқтығы да емес, үйлестіруші буынның болмауы анықталды. Баяндаманың бірлескен авторлары – Елдар Нұрұлы және география ғылымдарының кандидаты, кафедра доценті Жаннат Алиева.
- Докторантураның 1-курс докторанты Еркежан Дәулетханова «Potential for Ecotourism Development in the Industrial City of Oskemen (Kazakhstan)» («Өскемен өнеркәсіптік қаласында экотуризмді дамыту әлеуеті (Қазақстан)») баяндамасын ұсынды. ГАЖ-талдау мен қала тұрғындарының сауалнамасы негізінде жұмыста қалалық экотуризмді қоршаған ортаны қалпына келтіру және индустриялық қалалардың тұрақты дамуы құралы ретінде дамыту мүмкіндігі негізделді. Бірлескен&Բ;авторлары – география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, кафедра профессоры Алия Актымбаева және PolyU қонақ үй және туризм менеджменті мектебінің декан ассистенті, әрі профессоры Dr. Honggen Xiao.
Бұл тақырыптар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей байланысты: туризмді жауапты басқару (ТДМ 12), табиғи мұра мен құрлық экожүйелерін сақтау (ТДМ 11.4 және 15) және қалалардың тұрақты дамуы (ТДМ 11).
Әмина Шырынтай мен Айсулу Сембаеваның баяндамалары Гонконг политехникалық университеті мен ҚазҰУ-дың «Invisible (Shadow) Overload: Detecting Tourism Pressure through Digital Trace Analysis in Under-Instrumented Natural Landscapes of Central Asia» бірлескен жобасы (P0059202) аясында дайындалды; жоба PolyU–ҚазҰУ Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығында жүзеге асырылуда. Аружан Серікбол мен Еркежан Дәулетханованың баяндамалары Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрлігі ылым комитетінің «Smart-технологияларды қолдануға негізделген Имантау-Шалқар курорттық аймағында туризмнің тұрақты дамуын басқаруды іске асыру» гранты (№ AP23490620) аясында орындалды. Әмина Шырынтай мен Аружан Серікболдың форумға қатысуын осы Орталық ҚазҰУ студенттерін PolyU қонақ үй және туризм менеджменті мектебінің конференцияларына қатыстыруды қолдау бағдарламасы аясында қамтамасыз етті.
ҚазҰУ-дың жас зерттеушілері үшін форум өз жұмыстарын ірі халықаралық алаңда таныстыруға, әлемнің жетекші университеттерінің әріптестерімен байланыс орнатуға және Гонконг политехникалық университетімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.







