Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Гонконг Политехникалық университеті Саты ауылында далалық зерттеудің бірінші кезеңін өткізді — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Гонконг Политехникалық университеті Саты ауылында далалық зерттеудің бірінші кезеңін өткізді

18 маусым 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Гонконг Политехникалық университеті Саты ауылында далалық зерттеудің бірінші кезеңін өткізді

“Empowering Communities Through Destination Marketing: A Sustainable Approach to Promoting Community-Based Tourism in Rural Kazakhstan” атты бірлескен ғылыми-зерттеу жобасы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті The Hong Kong Polytechnic University университетімен бірлесіп, Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Саты ауылында далалық зерттеудің бірінші кезеңін өткізді.

Жоба ауылдық қауымдастықтардың community-based tourism бағытын дамытуға дайындығын бағалауға, қолданыстағы туристік инфрақұрылымды, жергілікті тұрғындардың әлеуетін, олардың туристік қызметке қатысу деңгейін, сондай-ақ Қазақстанның ауылдық өңірлерінде тұрақты дестинациялық маркетингті дамыту мүмкіндіктерін зерттеуге бағытталған. Жоба міндеттеріне сәйкес, ауылдық туризмді дамытудың кедергілері мен перспективаларын анықтауға, жергілікті қауымдастықтардың пікірін бағалауға және туристік дестинацияларды тұрақты ілгерілету бойынша ғылыми-практикалық ұсынымдар әзірлеуге ерекше назар аударылды.

Далалық зерттеу жүргізілмес бұрын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан тиісті ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдарға ресми сұраныс хаттары дайындалып, жолданды. Атап айтқанда, зерттеу жүргізуді келісу және ұйымдастырушылық қолдау алу мақсатында ресми хаттар «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне және Кеген ауданының әкімдігіне жіберілді. Барлық далалық іс-шаралар ресми ғылыми-зерттеу жобасы аясында белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілді.

Бірінші кезең барысында зерттеу тобы Саты ауылында сауалнамалар мен тереңдетілген сұхбаттар жүргізді. Зерттеуге жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлер, туристік бизнес өкілдері, сондай-ақ туристер қатысты. Зерттеу сұрақтары жергілікті халықтың туризмді қабылдауын, тұрғындардың туристік қызметке қатысуға дайындығын, инфрақұрылымның жай-күйін, экологиялық сын-қатерлерді, мәдени бірегейлікті сақтау мәселелерін, сондай-ақ аумақтың табиғи әлеуетін, мәдени ерекшелігін және жергілікті қауымдастықтың белсенді қатысуын ескере отырып, Саты ауылының тұрақты туристік бейнесін қалыптастыру перспективаларын зерделеуге бағытталды.

Сонымен қатар, зерттеу тобы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілігінде туризм және рекреация жөніндегі бас директордың орынбасары Хамит Ағабекұлы Ахметовпен жұмыс кездесуін өткізді. Бұдан бөлек, зерттеу тобы Саты ауылдық округінің әкімі Нұрым Қайырғалиұлы Сағымжанмен және Кеген ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Шафхатович Оспановпен кездесті.

Кездесулер барысында өңірдегі туризмді дамыту, жергілікті қауымдастық, бизнес, ұлттық парк және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ ауыл тұрғындарының туристік экономикадағы рөлін одан әрі күшейту мүмкіндіктері талқыланды. Инфрақұрылымдық дайындық, туристік нысандардың цифрлық көрінуі, кәсіпкерлердің қатысуы, экологиялық жауапкершілік және өңірдің табиғи әрі мәдени мұрасын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бірінші кезең барысында алынған материалдар сауалнама деректерін әрі қарай өңдеуге, тереңдетілген сұхбаттарды талдауға және Қазақстанның ауылдық өңірлерінде community-based tourism бағытын дамыту бойынша ұсынымдар дайындауға негіз болады. Зерттеу нәтижелері тұрақты дестинациялық маркетинг тәсілдерін әзірлеуге, ауылдық туристік бағыттардың танымалдығын арттыруға және жергілікті қауымдастықтар, бизнес пен мүдделі мемлекеттік органдар үшін практикалық ұсыныстар қалыптастыруға пайдаланылады.