Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесі ғылыми-ағартушылық подкаст жобаларын іске қосты — ҚазҰУ

91ý

Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесі ғылыми-ағартушылық подкаст жобаларын іске қосты

23 маусым 2026
Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесі ғылыми-ағартушылық подкаст жобаларын іске қосты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесінің бастамасымен жас зерттеушілерді қолдауға, ғылымды насихаттауға және ашық академиялық диалог алаңын қалыптастыруға бағытталған жаңа ғылыми-ағартушылық және медиа жобалар жүзеге асырылуда.

Осындай бастамалардың бірі – Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесі ұсынған «Байланыста ФМО» атты жаңа подкаст жобасы. Жоба факультет басшылығының, «Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының және «Талейран» дипломатиялық клубының қолдауымен жүзеге асырылды.

Подкасттың алғашқы қонағы – Халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс докторанты Фарангис Қыдырбек болды. Сұхбат барысында Қазақстандағы докторантура жүйесі, факультеттің академиялық ортасы, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы заманауи қатынастар мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қытай-орталықазиялық қатынастарға арналған жыл сайынғы ғылыми жинақтың тұсаукесері мен осы бағыттағы болашақ зерттеу жоспарлары туралы сөз қозғалды.

Алғашқы шығарылымның жүргізушісі факультеттің жас ғалымы Меруерт Шакирова болды.

Сонымен қатар факультеттің Жас ғалымдар кеңесінің бастамасымен IRD News подкастының «Жасанды интеллект жастарды қалай күшейтеді және әлсіретеді?» атты жаңа шығарылымы жарық көрді. Бағдарлама қазіргі қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың бірі – жасанды интеллекттің жастарға әсеріне арналды.

Подкаст Talleyrand Podcast және IRF Diplomacy Media Lab жобалары аясында дайындалып, қоғамның цифрлық трансформациясы мәселелері бойынша ғылыми пікірталас алаңын қалыптастыруды мақсат етеді. Бағдарлама барысында жасанды интеллектті білім беру, кәсіби даму және шығармашылық қызметте қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ нейрожелілік технологиялардың кең таралуымен байланысты тәуекелдер мен сын-қатерлер талқыланды.

Жоба қатысушылары заманауи технологиялардың жеке тұлға мен қоғам дамуына ықпалы туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастар арасында цифрлық құралдарды саналы пайдалануды насихаттайды.

Аталған жобаларды жүзеге асыру Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесінің ғылыми коммуникацияны дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және халықаралық қатынастар, әлемдік экономика, дипломатия мен цифрлық технологиялар салаларындағы өзекті зерттеулерді кеңінен таныту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Жас ғалымдар кеңесі факультет басшылығына, «Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасына, «Талейран» дипломатиялық клубына және подкаст жобаларына қатысқан барлық қонақтар мен қатысушыларға қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.

Подкасттарға сілтемелер:

• «Фарангис Қыдырбек: Докторантура | Қытай және Орталық Азия»

• «Жасанды интеллект жастарды қалай күшейтеді және әлсіретеді?»

 

Автор:

Малтабаров Арсен Асқарұлы

Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы,

«Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының оқытушысы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті