Параллельді тарихтар? XIX ғасырдағы АҚШ пен Ресейдің экспансиясы
2026 жылғы 7–21 мамыр аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде Жас ғалымдар кеңесінің қолдауымен АҚШ-тың Камберленд университетінің ассистент-профессоры Шон МакДэниел қонақ дәріскер ретінде болды.
Сапар аясында профессор «Параллельді тарихтар? XIX ғасырдағы АҚШ пен Ресейдің экспансиясы» тақырыбында дәрістер сериясын өткізді. Дәріс студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, екі мемлекеттің аумақтық кеңею кезеңіндегі тарихи үдерістерді салыстырмалы тұрғыдан талқылауға мүмкіндік берді.
Шон МакДэниел өз дәрістерінде заманауи зерттеу әдістерін таныстырып, тыңдаушыларды тарихи параллельдерді сыни тұрғыдан талдауға шақырды. Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, өзекті ғылыми мәселелер төңірегінде мазмұнды пікірталас жүргізді.
Сонымен қатар, профессор МакДэниелмен бірге АҚШ-тан келген 10 студент факультет студенттерімен кездесіп, академиялық және мәдени байланыстар орнатуға мүмкіндік алды. Кездесу барысында студенттер өзара пікір алмасып, білім беру жүйесі, ғылыми зерттеулер және студенттік өмір тәжірибелерімен бөлісті.
Аталған іс-шара факультеттің халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтуға, жас зерттеушілердің ғылыми көкжиегін кеңейтуге және академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етті.