- Басты бет
- Жас ғалымдар кеңесі
- Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесі магистратура мен ғылыми мансап мүмкіндіктеріне арналған кездесу өткізді
Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесі магистратура мен ғылыми мансап мүмкіндіктеріне арналған кездесу өткізді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде Жас ғалымдар кеңесінің бастамасымен студенттерге арналған «Магистратура — мүмкіндіктер әлеміне қадам» атты ақпараттық-танымдық кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты студенттер арасында ғылымды насихаттау, ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылықты арттыру және магистратура мен докторантурада білімін жалғастыру мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беру болды.

Кездесу барысында Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері магистратураның кәсіби және академиялық дамудағы маңызына тоқталып, оның аналитикалық ойлау қабілетін, зерттеу дағдыларын қалыптастырудағы және халықаралық деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысудағы рөлін түсіндірді. Сонымен қатар қазіргі әлемдегі ғылымның маңызы, жас зерттеушілердің халықаралық қатынастар, әлемдік экономика және тұрақты даму салаларындағы өзекті мәселелерді шешудегі орны ерекше атап өтілді.
Студенттерге магистратура бағдарламалары, оқуға түсу талаптары, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері, ғылыми конференцияларға қатысу, зерттеу гранттары мен университет және халықаралық серіктестер аясында жүзеге асырылатын ғылыми жобалар туралы ақпарат ұсынылды.

Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері өздерінің ғылыми тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми қызметтегі алғашқы қадамдары, жарияланымдық белсенділік және академиялық мансаптың даму перспективалары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ғылыми мақалалар жазу, аналитикалық материалдар дайындау, ғылыми конкурстарға қатысу және докторантураға түсу мәселелері талқыланды.
Студенттердің ерекше қызығушылығын оқу, ғылым және кәсіби қызметті қатар алып жүру мүмкіндіктері, сондай-ақ магистратура түлектерінің мемлекеттік органдарда, халықаралық ұйымдарда, сараптамалық орталықтарда және ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істеу перспективалары туралы мәселелер тудырды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар ғылыми бағыт таңдау, ғылыми жетекші іздеу, магистратураға дайындалу және факультеттің Жас ғалымдар кеңесінің қызметіне қатысу мүмкіндіктері туралы сұрақтарына жауап алды.

Осындай іс-шараларды өткізу Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесінің студенттік ғылымды дамытуға, жас зерттеушілерді қолдауға және факультеттің академиялық қауымдастығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысының маңызды бөлігі болып табылады.
Жас ғалымдар кеңесі алдағы уақытта да студенттерді ғылыми-зерттеу қызметіне тартуға және жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған кездесулерді, шеберлік сабақтарын және ғылыми-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастырады.
Іс-шараны ұйымдастырушы:
Халықаралық қатынастар факультетінің Жас ғалымдар кеңесі.
Іс-шараға жауапты:
Малтабаров Арсен Асқарұлы,
Халықаралық қатынастар факультеті Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы,
«Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының оқытушысы.