- Басты бет
- Жаңалықтар
- Алматы қаласының мемлекеттік органдарымен цифрландыру саласында серіктестік нығаяды
Алматы қаласының мемлекеттік органдарымен цифрландыру саласында серіктестік нығаяды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары оқу орны басшылығы мен Алматы қаласы мемлекеттік органдары өкілдерінің кездесуі өтті. Ауқымды іс-шараға Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қанат Баеділов, Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Қавкитаев, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Серік Жанайдаров, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Сухамбеков қатысты.

Мәртебелі қонақтарды ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қарсы алды. Ол өз сөзінде бүгінгі таңда мемлекет пен білім беру жүйесінің алдында адами капиталды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және цифрлық экономика жағдайында тиімді жұмыс істей алатын білікті мамандар даярлау секілді ортақ стратегиялық міндеттер тұрғанын атап өтті. Технологиялық өзгерістер қарқын алған кезеңде ғылыми зерттеулерді дамыту мен жаңа білімді тәжірибеде тиімді пайдаланудың маңызы зор. Осы бағытта ҚазҰУ жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер, үлкен деректерді талдау және цифрлық технологиялар салаларын жүйелі түрде дамытып, ғылыми әзірлемелерді экономика мен мемлекеттік басқару жүйесіне енгізуге қолайлы жағдай жасап келеді.

Кездесу барысында тараптар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау, университеттің ғылыми-талдамалық әзірлемелерін мемлекеттік секторда қолдану мүмкіндіктері мен бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе қолданбалы ғылымды дамытуға және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға баса назар аударылды. Проректор Марғұлан Ибраимовтың пікірінше, университеттің ғылыми әлеуеті мен мемлекеттік құрылымдардың практикалық тәжірибесін ұштастыру басқару үдерістерінің тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ресми басқосудан кейін қонақтар үшін арнайы кампус-тур ұйымдастырылды. Департамент басшылары университеттің Жерді қашықтықтан зондтау орталығын аралап, суперкомпьютер кешенінің мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар Huibo Robotics және KUKA Robotics заманауи зертханаларында болып, Farabi Hub инновациялық орталығының тыныс-тіршілігін көзбен көрді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға және білім беру, ғылым мен инновация салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екендіктерін білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі