ҚазҰУ-да қаржылық қылмысқа қарсы ЖИ хакатоны басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық өнімдер және жоғары технологиялық жобалар орталығында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) мен ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырған «AFM AI Hackathon 2026: технологиялар қаржылық қылмысқа қарсы» атты екі күндік республикалық ІТ-байқауы өз жұмысын бастады.

Мемлекетіміздегі «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылған бұл ауқымды шара экономикалық пен қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ жастардың инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған. Айтулы жиын қаржылық және экономикалық қауіпсіздік саласына арналған цифрлық шешімдерді әзірлеуге қызығушылық танытқан Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 350-ден астам қатысушыны, соның ішінде IT-мамандарды, деректер талдаушыларын, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеушілерді, жасанды интеллект саласындағы сарапшылар мен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттерін бір алаңға жинады.

Хакатонның салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі аппаратының басшысы Әмір Сағындықов пен ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жиын барысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның бейнеүндеуі көрсетілді.

Проректор Марғұлан Ибраимов өз сөзінде цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында жасанды интеллект технологияларының, үлкен деректерді талдау (Big Data) мен заманауи цифрлық басқару құралдарының маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл хакатон мемлекеттік орган өкілдерін, ІТ-сарапшыларды және талантты жастарды біріктіріп, цифрлық дәуірдің өзекті сын-қатерлеріне жауап беретін тың шешімдерді іздеуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Бұл шара жас әзірлеушілер үшін өз білімдерін көрсетуге ғана емес, мемлекеттік секторда нақты қолдануға болатын жобаларды ұсынуға да жол ашады.

Сонымен қатар, проректор ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық әлеуетіне тоқталды. Бүгінде Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті саналатын қара шаңырақта 30 мыңнан астам студент білім алып, 550-ден астам білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Университетте жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер, үлкен деректерді талдау және цифрлық технологиялар бағыттары қарқынды дамып келеді. ҚазҰУ базасында суперкомпьютерлік кластер, заманауи ғылыми зертханалар мен зерттеу орталықтары табысты жұмыс істеп тұр.

Екі күн бойы қатысушы командалар үш негізгі бағыт бойынша жобаларды әзірлейді. Бірінші бағыт – Digital Shadow, яғни көлеңкелі интернетті (darknet) мониторингтеу және ашық дереккөздерден мәліметтер жинау (OSINT); екіншісі – AI Shield, деректер базасын қорғау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект алгоритмдерін құру; үшіншісі – AI Media Watch, әлеуметтік желілердегі заңсыз ойын бизнесі мен қаржылық пирамидалардың белгілерін автоматты анықтау.
Салтанатты ашылудан кейін Қаржылық мониторинг агенттігінің рекрутингтік таныстырылымы өтті. Онда жастарға ведомствоның қызметі, цифрлық трансформацияның негізгі бағыттары және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Бұдан соң командалар байқау тапсырмаларын орындауға кірісті. Қатысушылар ұсынылған кейстерді талдап, жобалардың тұжырымдамаларын әзірлеп, техникалық шешімдерді сарапшылармен бірге талқылады. ҚМА мамандары мен салалық кеңесшілер командаларға әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсетіп, идеяларды жетілдіруге көмектесті.
AFM AI Hackathon 2026 жас мамандарға өз білімі мен дағдыларын көрсетуге, қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті міндеттерді шешудің практикалық жолдарын ұсынуға және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау үшін заманауи технологияларды дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді. Хакатонның алғашқы күні аралық жобаларды қорғаумен аяқталып, командалар өз жұмыстарының алғашқы нәтижелерін таныстырды. Байқау қорытындысы бойынша ең үздік жобалар әрі қарай дамыту және қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың практикалық қызметіне енгізу үшін мемлекет тарапынан қолдау табады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі