ҚазҰУ мен табиғат қорғау прокуратурасы «TazaQala» цифрлық платформасын іске қосты — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ мен табиғат қорғау прокуратурасы «TazaQala» цифрлық платформасын іске қосты

25 маусым 2026
ҚазҰУ мен табиғат қорғау прокуратурасы «TazaQala» цифрлық платформасын іске қосты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында әзірленген «TazaQala» цифрлық платформасының таныстырылымы өтті. Алматы қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен ҚазҰУ ғылыми қауымдастығының бірлескен жобасы заңсыз қоқыс үйінділері мәселесін шешуге және қоршаған ортаны қорғау саласына заманауи жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған.

Жаңа цифрлық шешім қала тұрғындарына рұқсатсыз төгілген қоқыс орындарын жедел анықтауға, экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеуге және уәкілетті мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, бүгінгі таңда платформаның көмегімен қала аумағында 871 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 507-сі толықтай жойылды. Нәтижесінде шаһардан 500 тоннадан астам қалдық шығарылды. Сонымен қатар қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 3-ші және 5-бөліктеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шара аясында жастардың инновациялық кәсіпкерлігін қолдайтын «AI SANA» бағдарламасына да ерекше назар аударылды. Арнайы оқытудан өткен ҚазҰУ студенттері «ақылды қала» технологиялары бағытындағы өздерінің алғашқы эко-стартап жобаларын таныстырды. Таныстырылымнан кейін Экология департаменті, Экология және қоршаған орта басқармасы, «Eco Almaty» ұйымы, құқық қорғау органдары және ІТ, заң, география факультеттерінің студенттерінен құралған бірлескен жұмыс топтары қала аумағында экологиялық рейд ұйымдастырды. Рейд барысында «TazaQala» платформасы іс жүзінде қолданылып, жаңа деректер жинақталды.

Тағылымды шара қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар марапатталып, ҚазҰУ мен Алматы қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы цифрлық технологияларды пайдалану арқылы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде келісімге келді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі