ҚазҰУ студенттері AI SHIELD хакатонының жеңімпазы атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің 4-курс студенттері Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған AI SHIELD республикалық хакатонының екінші бағыты бойынша жеңімпаз атанды. Киберқауіпсіздік саласындағы үздік әзірлемесі үшін олар 1 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді.
Университет намысын «Phantom» командасының құрамында факультет студенттері – Рахат Бекбердиев, Жансая Қайырхан және Жансен Қабақбай қорғады.

AI SHIELD хакатоны цифрлық кеңістіктегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған дарынды бағдарламашыларды, деректер талдаушыларын және инновациялық технологиялар мамандарын біріктірді. Байқаудың шешуші кезеңінде қатысушыларға деректерді қорғау және киберқауіптерді нақты уақыт режимінде анықтауға арналған интеллектуалды жүйелерді әзірлеу тапсырылды. Негізгі міндеттер қатарында рұқсатсыз қолжетімділікті анықтау, пайдаланушылар әрекетіндегі күмәнді өзгерістерді талдау, ақпараттың сыртқа таралуының алдын алу, фишингтік шабуылдарды және ақпараттық жүйелердің бұзылу белгілерін айқындау болды.

Студенттер ұсынған Phantom жобасы заманауи технологияларға негізделген жаңа буындағы интеллектуалды киберқауіпсіздік платформасы. Жүйе қауіпсіздік оқиғаларын үздіксіз бақылауға, ықтимал қатерлерді автоматты түрде талдауға және инциденттерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сарапшылар алқасы Phantom жобасының технологиялық жаңашылдығын, практикалық маңызын және нақты секторда қолдану әлеуетін жоғары бағалап, оны өз бағыты бойынша ең үздік жұмыс деп таныды.
Ауқымды шараны ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, қала әкімдігі және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды.

Phantom жобасының жеңісі ҚазҰУ студенттерінің кәсіби даярлығының жоғары деңгейін, шығармашылық әлеуетін және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді технологиялық шешімдер әзірлеудегі құзыреттілігін айқын көрсетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі