Жас IT мамандарының инновациялық жобалары таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «AI-Sana: инновациялық жобалар және тәжірибе алмасу алаңы» атты шара өтті. Жиынға жас зерттеушілер, тәжірибелі сарапшылар және болашақ IT мамандары қатысты.

Басқосудың негізгі мақсаты – жастардың ғылыми-зерттеу әлеуетін қолдау және олардың инновациялық идеяларын жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастыру.
Кездесуде факультет деканы Тимур Иманқұлов студенттердің ғылыми ізденістерін қолдау университеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ҚазҰУ жаһандық технологиялар нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөледі.

Іскерлік бағдарлама аясында Farabi Tech Hub бизнес-инкубаторының директоры Жомарт Жексенбай «Стартап: идеядан табысты бизнеске дейінгі жол» тақырыбында баяндама жасап, инновациялық жобаларды коммерцияландыру тетіктері туралы тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар Академиялық және цифрлық инновациялар офисінің жетекшісі Илья Круговых AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңін іске асыру барысын таныстырып, білім беру ортасын дамытуға бағытталған бастамалар туралы айтты. Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, PhD Нұрислам Қасымбек жасанды интеллект саласындағы зерттеулердің Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың ел ғылымының дамуына қосатын үлесіне тоқталды.

Бағдарламаның негізгі бөлімі студенттердің инновациялық жобаларының таныстырылымына арналды. Томирис Нұрғазы өндірістегі WebAR мониторинг жүйелерін цифрлық егіздер технологиясымен ықпалдастыруға арналған жобасын ұсынды. Абдулхамит Назарғожа өндірістік жабдықтардың сенімділігін арттыруға бағытталған Industrial IoT негізіндегі бюджеттік мониторинг жүйесін таныстырды. Ал Айбын Шәкір медицина мен заманауи технологияларды ұштастырған, электростимуляция, IoT және жасанды интеллект шешімдерін біріктіретін инновациялық ортопедиялық құрылғы жобасын көпшілік назарына ұсынды.

AI-Sana инновациялық жобалар мен тәжірибе алмасу алаңы студенттердің ғылыми және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы жаңа идеялардың қалыптасуына жол ашты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі