Жас зерттеулердің жаңа бағыттары: «Фараби әлемі» конференциясының «Жас ғалымдар» секциясының қорытындылары — ҚазҰУ

91ý

Жас зерттеулердің жаңа бағыттары: «Фараби әлемі» конференциясының «Жас ғалымдар» секциясының қорытындылары

20 сәуір 2026
Жас зерттеулердің жаңа бағыттары: «Фараби әлемі» конференциясының «Жас ғалымдар» секциясының қорытындылары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінде өткен «Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы аясында «Жас ғалымдар» секциясы өз жұмысын табысты жүргізді.

Секция жұмысына Қазақстанның және шетелдің түрлі жоғары оқу орындарынан келген жас зерттеушілер қатысты. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, SDU University, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, сондай-ақ АҚШ-тың Джорджия университетінің өкілдері белсенділік танытты. Жалпы 129 өтінім қабылданып, олардың басым бөлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен жас ғалымдары болды.

Баяндамаларда әдебиеттану, тіл білімі, аударматану және заманауи тілдік үдерістерге қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, көркем мәтіндегі мәдени кодтарды талдау, этнолингвистикалық зерттеулер, когнитивтік және семиотикалық аспектілер, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын тіл үйрету мен аударма тәжірибесінде қолдану мәселелері кеңінен талқыланды.

Секция қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:

I дәрежелі дипломдар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты Дауылова Д.Ж.-ға «Әкім Таразидің «Жаза» романындағы отбасылық құндылықтар жүйесі: көркемдік модель және аудармадағы мәдени ерекшеліктер» тақырыбындағы жұмысы үшін және магистрант Хисамидинов Р.-ға «Integrating artificial intelligence tools in IELTS speaking practice» тақырыбындағы зерттеуі үшін табысталды.

II дәрежелі дипломдар сегіз қатысушыға беріліп, олардың зерттеулерінде морфологиялық концептілердің терминологиялық репрезентациясы, зооморфтық образдардың этномәдени сипаты, «Ұмай ана» архетипінің мәдени трансформациясы, ағылшын тіліндегі метафоралардың когнитивтік-семиотикалық ерекшеліктері, қазақ тіліндегі сыпайылық категориясы, көркем аудармадағы ұлттық нақышты сақтау және нейрожелілік машиналық аударманың шектеулері сияқты мәселелер қарастырылды.

III дәрежелі дипломдар тоғыз қатысушыға табысталып, олардың еңбектерінде қазақстандық жастардың ағылшын тіліндегі сөйлеу интонациясы, қазіргі қазақ медиа дискурсы, тілдік және мәдени салыстырмалы зерттеулер, транслингвизм және интертекстуалдық тәсілдердің оқытудағы рөлі сияқты өзекті тақырыптар қамтылды.

Секция жұмысы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінің жоғары екенін, олардың зерттеулерінің заманауи ғылыми талаптарға сай жүргізіліп жатқанын көрсетті. Сонымен қатар, секция аясында ұсынылған баяндамалар филология ғылымының әртүрлі бағыттарының өзара байланысын айқындап, болашақ ғылыми ізденістерге жаңа серпін берді.