Шыңжаң медициналық университетімен қос диплом бағдарламасы әзірленеді — ҚазҰУ

91ý

Шыңжаң медициналық университетімен қос диплом бағдарламасы әзірленеді

29 маусым 2026
Шыңжаң медициналық университетімен қос диплом бағдарламасы әзірленеді

Үрімшіде өткен «Білім – ғылым – өндіріс – қолдану» халықаралық конференциясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шыңжаң медициналық университеті маңызды келісімге қол қойды.

Құжат аясында екі жоғары оқу орны магистратура және докторантура деңгейінде қосдипломды бірлескен бағдарламаларды іске асырады. Бұл бастама екі ел арасындағы ғылыми байланысты нығайтып, жоғары білікті медицина мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. 

Ауқымды шараға Қытай мен Орталық Азия елдерінің министрліктері, жетекші университеттері мен ғылыми ұйымдарының өкілдері жиналды. Пленарлық отырыста ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық серіктестікті кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Конференция барысында ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Самғат Ермекбаев баяндама жасады. Ол университеттің білім мен инновация саласындағы жетістіктерін таныстырып, Қытай ЖОО-ларымен бірлескен ғылыми зертханалар ашу және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Шара аясында «Қытайда оқу» бағдарламасы бойынша Шыңжаңның білім беру мүмкіндіктеріне арналған көрме де ұйымдастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі