Open KazNU платформасында «ҚР әкімшілік құқығы» онлайн-курсы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Open KazNU ашық білім беру платформасында «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығы» атты жаңа онлайн-курс жарияланды.
Аталған курс заң мамандығы бойынша білім алатын студенттерге, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ әкімшілік құқық пен мемлекеттік басқару негіздерін меңгеруге қызығушылық танытқан барлық азаматтарға арналған.
Курстың басты ерекшелігі – әкімшілік құқықтың теориялық негіздерін нақты құқықтық кейстер мен практикалық жағдайларды талдау арқылы меңгеру мүмкіндігі. Бұл тәсіл білім алушылардың құқықтық ойлау қабілетін жетілдіріп, құқықтық мәселелер бойынша негізделген шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Онлайн-курстың авторлары – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының оқытушылары, заң ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қарлығаш Үсейінова, заң ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Лейла Күлтемірова, заң ғылымының докторы, профессор Жанар Кегембаева, PhD, қауымдастырылған профессор Сабина Абдуллина және заң ғылымының магистрі Сандуғаш Дарханова.
Білім беру бағдарламасы мемлекеттік басқару және құқық қолдану салаларындағы заманауи талаптарға сәйкес әзірленген. Курс аясында тыңдаушылар Қазақстан Республикасының әкімшілік заңнамасын талдау және түсіндіру, құқықтық жағдайларды жан-жақты сараптау, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесін бағалау бойынша кәсіби құзыреттерін дамытады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі