ҚазҰУ докторанты АҚШ ғалымдарымен бірлескен зерттеу жүргізді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ докторанты АҚШ ғалымдарымен бірлескен зерттеу жүргізді

1 шілде 2026
ҚазҰУ докторанты АҚШ ғалымдарымен бірлескен зерттеу жүргізді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің PhD докторанты Қуаныш Келгенбаев АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Салем мемлекеттік университетінде (Salem State University) ғылыми-зерттеу тағылымдамасын сәтті аяқтады.

Халықаралық бағдарлама қазіргі геоэкономика мен геосаясаттың өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізуге бағытталған.

ҚазҰУ докторантының зерттеуі – геосаяси индикаторлар жүйесі мен кеңістіктік картографиялау әдістерін пайдалана отырып, халықаралық қақтығыстар географиясын бағалау әдістемесін әзірлеуге арналған. Ұсынылған ғылыми тәсіл қақтығыстардың кеңістіктік динамикасын жан-жақты талдауға, олардың даму заңдылықтарын айқындауға және заманауи халықаралық процестерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін талдамалық модельдер қалыптастыруға жол ашады.

ҚазҰУ-да әзірленіп жатқан бұл ғылыми әдістеме Salem State University оқытушы-профессорлық құрамының жоғары қызығушылығын тудырды. АҚШ ғалымдары жобаның Орталық Азия, Африка және өзге де геосаяси тұрғыдан маңызды өңірлердегі халықаралық қақтығыстарды талдау мен болжаудағы практикалық әлеуетін жоғары бағалады.

Тағылымдама барысында жас ғалым Стивен Янг, Дженнифер Робинсон және Бренна Минти сынды жетекші профессорлармен бірқатар кездесулер өткізді. Басқосуларда халықаралық қақтығыстарды зерттеудің заманауи тәсілдері, геосаяси талдауда геоақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ екі университет арасындағы академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттары талқыланды.

Америкалық жоғары оқу орны тарапынан докторанттың тиімді жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай жасалды. Оған жеке жұмыс кабинеті, университет кітапханасына, электрондық ғылыми ресурстарға және мамандандырылған академиялық материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін жеке сәйкестендіру картасы ұсынылды.

Бұл ғылыми тағылымдама Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Салем мемлекеттік университеті арасындағы халықаралық академиялық байланыстарды нығайта түсті. Мұндай бірлескен бастамалар озық зерттеу тәжірибесімен алмасуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және бірлескен жобаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге де серпін бермек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі