ҚазҰУ ректоры Бакуде түркітанудың өзекті мәселелерін көтерді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ ректоры Бакуде түркітанудың өзекті мәселелерін көтерді

3 шілде 2026
ҚазҰУ ректоры Бакуде түркітанудың өзекті мәселелерін көтерді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Әзірбайжанда өткен халықаралық конференцияда сөз сөйлеп, түркітану ғылымы мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді көтерді.

Әзірбайжанда Түркі әлемі апталығы аясында «Қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында түркі тілдерін, әдебиеті мен тарихын оқыту» атты халықаралық конференция өтті. Ауқымды шара Баку мемлекеттік университетінің бастамасымен ұйымдастырылып, түркі тілдері, әдебиеті мен тарихын оқытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық тәжірибені зерделеуге және ортақ академиялық кеңістікті дамытуға арналды.

Конференцияға Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті Иса Габиббейлі, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, TÜBA президенті Музаффер Шекер, Әзірбайжан мәдениет министрінің орынбасары Саадат Юсифова, Түркия ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Мехмет Оджал Оғыз және Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев қатысты.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев конференцияның І Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығымен тұспа-тұс келуінің терең символдық мәнін атап өтті. Ректор түркі мемлекеттері жағдайында түркі тілдерін, әдебиеті мен тарихын оқыту ұлттық бірегейлікті нығайту мен ортақ мәдени-рухани құндылықтарды сақтауда ерекше маңызға ие екеніне назар аударды.

Ректор өз сөзінде түркі әлеміндегі ортақ әліпби мен ортақ тіл мәселелері, қыпшақ және оғыз тілдік тармақтары арасындағы ғылыми үйлесімге қатысты өзекті сұрақтардың әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететінін айтты. Сонымен қатар осы бағыттағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты күшейту қажет екенін жеткізді.

Шара барысында Жансейіт Түймебаев «І Баку түркология құрылтайының 100 жылдығы» атты құжаттар мен бейнематериалдар жинағын және «I Баку түркология құрылтайының мұрасы және XXI ғасырдағы түркі әлемі» еңбегін Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаевқа салтанатты түрде табыстады.

Жиынға қатысушылар конференцияның түркітану ғылымын дамытуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және түркі әлеміндегі ортақ білім мен зерттеу кеңістігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын алға тартты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі