Баку жоғары мұнай мектебімен ынтымақтастық орнады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Баку жоғары мұнай мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
_FmkM7en.jpg)
Ресми кездесу барысында Баку жоғары мұнай мектебінің ректоры Эльмар Гасымов пен ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев білім беру, ғылыми зерттеулер және академиялық әріптестікті тереңдету мәселелерін талқылады. Тараптар әсіресе мұнай-газ, энергетика және цифрлық технологиялар салаларында бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға ерекше мән берді.
_czh10UN.jpg)
Стратегиялық келісім аясында қосдипломды бағдарламаларды енгізу, оқытушылар мен студенттер алмасуын кеңейту, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
_6vqWxaR.jpg)
Құжатқа қол қою рәсімінен кейін ҚазҰУ делегациясы Баку жоғары мұнай мектебінің SOCAR мемлекеттік компаниясының қолдауымен жабдықталған заманауи кампусымен танысты. Университеттің инновациялық зертханалары мен жоғары технологиялық оқу инфрақұрылымы отандық ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды.
Айта кетсек, Баку жоғары мұнай мектебі – Әзірбайжанның мемлекеттік мұнай-газ алпауыты SOCAR компаниясының бастамасымен құрылған аймақтағы жетекші техникалық жоғары оқу орны. Ол халықаралық стандарттарға сай инженер кадрларын даярлап, энергетика саласы үшін білікті мамандар қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ал SOCAR компаниясы – Әзірбайжан экономикасының стратегиялық тірегі, сондай-ақ Еуропа нарығына энергия ресурстарын жеткізетін ірі халықаралық операторлардың бірі.
_ZU8Eo0X.jpg)
Басқосуға қатысушылар бұл уағдаластық Қазақстан мен Әзірбайжанның жоғары білім және ғылым саласындағы ықпалдастығына тың серпін беріп, жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты нығайта түсетінін және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі