Журналистердің жаңа толқыны түлеп ұшты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистика факультетінің түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Мерекелік шараға түлектер, олардың ата-аналары және білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Биыл аталған факультетті 345 жас маман тамамдады. Оның ішінде 263 түлек бакалавриат, ал 82 түлек магистратура бойынша оқуын аяқтады. 127 бакалавр үздік дипломға ие болып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Салтанатты рәсімде түлектерге Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнеқұттықтауын жолдады. Өз құттықтауында министр бүгінгі жоғары білім жүйесінің білім экономикасы мен заманауи технологияларды дамытуға қабілетті жаңа буын кәсіби мамандарды даярлауға бағытталғанын атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан түлектерді Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров құттықтады.

«Сіздердің үлкен өмірге қадам басуларыңыз еліміз үшін тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздің жаңа құқықтық бағытын берік ұстанып, оны дамыту жолында сіздердің білімдеріңіз бен жоғары жауапкершіліктеріңіз негіз болары анық. Кәсіби қызметтеріңізде ҚазҰУ-дан алған терең білімдеріңіз бен дағдыларыңызды тиімді пайдаланып, ел игілігі жолында адал еңбек ететін білікті маман болуларыңызға тілектеспін!» – делінген ректор құттықтауда.
Мерекелік кеш диплом табыстау және түлектерге арналған ақжарма тілектерге ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі