Мұздықтардан шөлдерге дейін: GEO-CA 2026 аясында Орталық Азияның экологиялық тұрақтылығы талқыланды — ҚазҰУ

91ý

Мұздықтардан шөлдерге дейін: GEO-CA 2026 аясында Орталық Азияның экологиялық тұрақтылығы талқыланды

1 шілде 2026
Мұздықтардан шөлдерге дейін: GEO-CA 2026 аясында Орталық Азияның экологиялық тұрақтылығы талқыланды

2026 жылғы 1 шілдеде Аэроғарыш комитетінің Ионосфера институты базасында «Климаттың өзгеруі жағдайындағы Орталық Азияның экологиялық тұрақтылығы: мұздықтардан шөлдерге дейін» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қытай–Қазақстан бірлескен қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасының 2026 жылғы жыл сайынғы ғылыми конференциясы мен I «Орталық Азия – Қытай» симпозиумының екінші күні аясында ұйымдастырылды.

Конференцияның екінші күні климаттың өзгеруі жағдайындағы Орталық Азияның экологиялық тұрақтылығы, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстанның қашықтан зондтау, геоақпараттық технологиялар, ғарыштық мониторинг және табиғи үдерістерді зерттеу саласындағы ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысу мәселелеріне арналды.

Іс-шараға ғылыми, білім беру, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Ионосфера институты, Қытай ылым академиясының Шыңжаң экология және география институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қытай–Қазақстан бірлескен қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасы, География және табиғатты пайдалану факультеті, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесі, Қытай ылым академиясының Орталық Азия экология және қоршаған орта жөніндегі зерттеу орталығы, Бейжің педагогикалық университеті, Шығыс Қытай педагогикалық университеті, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі, «Farabi GIS» геокеңістіктік ғылымдар орталығы, Инжиниринг және жоғары технологиялар кластері және басқа да ұйымдар болды. Аталған ұйымдардың қатысуы өңірдің өзекті экологиялық және климаттық сын-қатерлерін шешуде ғылыми, сараптамалық, білім беру және халықаралық әлеуетті біріктірудің маңыздылығын көрсетті.

ылыми сессия барысында қатысушы ұйымдардың қызметіне, ЮНЕСКО-ның жаратылыстану ғылымдары саласындағы бастамаларына, сел және басқа да табиғи қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелеріне, экологиялық мониторингке, гидрометеорологиялық зерттеулерге, сондай-ақ Орталық Азияның өзекті міндеттерін шешуде спутниктік деректерді, геоақпараттық жүйелерді және жасанды интеллект әдістерін қолдануға арналған баяндамалар ұсынылды.

Климаттың өзгеруі, мұздықтар мен су ресурстарын мониторингтеу, жердің деградациясы, табиғи ресурстарды орнықты басқару және табиғи қауіп-қатерлерді бағалаудың заманауи тәсілдерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірлескен ғылыми жобаны әзірлеу бастамасын талқылады. Бұл бастама климаттың өзгеруінің трансшекаралық өзен алаптарына, мұздықтарға, су ресурстарына, ауыл шаруашылығы аумақтарына және жердің деградациясы үдерістеріне әсерін кешенді зерттеуге бағытталған.

Талқылау бөлімінен кейін қатысушылар «Орбита» радиополигонында ғылыми-танымдық бағдарламаны жалғастырды. Сапар барысында олар нысанның ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, техникалық мүмкіндіктерімен және практикалық қызмет бағыттарымен, сондай-ақ іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге арналған ғылыми базаның әлеуетімен танысты.

Біз ұйымдастырылған бұл іс-шара жетекші ғылыми және халықаралық ұйымдарды біріктіргеніне қуаныштымыз. Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында талқыланған негізгі экологиялық және климаттық мәселелер бойынша мекемелер арасындағы одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен бастамаларды әзірлеуге және практикалық шешімдерді бірлесе іздеуге берік негіз әрі тиімді көпір болады деп сенеміз.