SPIC компаниясының делегациясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде болды — ҚазҰУ

91ý

SPIC компаниясының делегациясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде болды

9 шілде 2026
SPIC компаниясының делегациясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде болды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Kazakhstan Energy Investment SPIC» ЖШС делегациясымен кездесу өтті. Делегацияны Қытайдың Мемлекеттік электр энергетикасына инвестициялар корпорациясының (SPIC) ресми өкілі, Коммуникациялар, қоғаммен байланыс, корпоративтік мәдениет және бренд департаментінің басшысы Ван Ханьчжун бастап келді. Делегация құрамында сондай-ақ SPIC International, Shanghai Electric Power және Green Energy International компанияларының өкілдері болды. 

Қонақтарды Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессордың міндетін атқарушы Жанна Жандарбекқызы Ермекова қарсы алып, университеттің білім беру және ғылыми қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды. Кездесу барысында тараптар университет пен компанияның қызметі туралы ақпарат алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттеріне «Kazakhstan Energy Investment SPIC» ЖШС базасында өндірістік практикадан өту мүмкіндігін беру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл бастама студенттердің халықаралық энергетикалық компанияда тәжірибе жинақтауына, өндірістік үдерістермен және заманауи корпоративтік басқару тәжірибесімен танысуына, сондай-ақ кәсіби құзыреттерін дамытуына мүмкіндік береді.

Ресми кездесуден кейін қатысушылар естелік суретке түсіп, делегация мүшелері үшін ҚазҰУ кампусы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар Farabi Hub, Роботоорталық, Жерді қашықтан зондтау орталығы және университеттің суперкомпьютерлік кешенімен танысты.

Экономика және бизнес жоғары мектебі «Kazakhstan Energy Investment SPIC» ЖШС өкілдеріне сапары үшін алғыс білдіріп, қол жеткізілген келісімдер университет пен компания арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың бастамасы болатынына сенім білдіреді.