ҚазҰУ мен Түркия медициналық әріптестікті нығайтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне SERMO Danışmanlık компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Қазақстан–Түркия ғылыми-медициналық ынтымақтастығы жобасының бастамашысы және бас үйлестірушісі Тұрғай Бірсөз бастаған Түркия делегациясы келді. Оның құрамында жобаның медициналық бағытына жетекшілік ететін Özel OFM Antalya Hastanesi ауруханасының директоры Ахмет Менчи де болды.

Қонақтарды университет басшылығы мен медицина және денсаулық сақтау факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы қарсы алды. Кездесу барысында медициналық білім беру, ғылыми зерттеулер, клиникалық даярлық, академиялық ұтқырлық және халықаралық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Келіссөздердің басты тақырыбы ҚазҰУ-дың медицина және деенсаулық сақтау факультеті базасында Қазақстан-Түркия ғылыми-зерттеу орталығын құру бастамасы болды. Болашақ орталық бірлескен ғылыми ізденістерге серпін беріп, озық медициналық технологияларды енгізуге, диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдерін дамытуға, сондай-ақ екі ел ғалымдарының халықаралық ғылыми бағдарламалар мен гранттық жобаларға бірлесіп қатысуына жол ашады.

Сапар аясында түркиялық делегация факультеттің оқу және ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Қонақтар заманауи зертханаларды, симуляциялық орталықтарды және клиникалық тәжірибе базаларын аралап көрді. Тұрғай Бірсөз университеттің материалдық-техникалық әлеуетіне, білім беру үдерісіне цифрлық технологиялардың тиімді енгізілгеніне және факультеттің ғылыми жобаларды жүзеге асырудағы мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

Ахмет Менчи студенттердің клиникалық даярлығын жетілдіру мен Қазақстан және Түркия дәрігерлерінің кәсіби тәжірибе алмасуын кеңейту мәселелеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, факультеттің қазіргі инфрақұрылымы бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға және тәжірибеге негізделген оқытуды дамытуға толық мүмкіндік береді.

Жоба аясында Түркияның жетекші жоғары оқу орындары мен медициналық ұйымдарының профессорлары мен сарапшылары ҚазҰУ-ға тұрақты келіп, дәріс оқып, семинар, ғылыми конференциялар және практикалық оқыту бағдарламаларын өткізеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар медициналық зерттеулердің өзекті бағыттары, заманауи диагностика мен емдеу әдістері бойынша тәжірибе алмасуға басымдық беріледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар