ҚазҰУ-да болашақ бірінші сынып оқушыларына мектеп сөмкелері табысталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы тоғызыншы жыл қатарынан университет қызметкерлерінің бірінші сыныпқа баратын балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі қайырымдылық акциясын ұйымдастырып келеді. Биыл оқу құралдарымен толықтырылған мектеп сөмкелері 210 болашақ бірінші сынып оқушысына табысталды.

Іс-шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында кәсіподақтың мектеп оқушыларына әлеуметтік қолдау көрсетіп келе жатқанын және бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Мектеп сөмкелерін балаларға Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров салтанатты түрде табыстады.
Іс-шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев, профессор Серікбай Нұрғисаев, ҚазҰУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, белгілі ғалым, филолог әрі әдебиеттанушы Қансейіт Әбдезұлы қатысты. Олар бүлдіршіндерді өмірлеріндегі маңызды кезеңнің басталуымен құттықтап, оқуда озат болып, биік белестерді бағындыруларына тілек білдірді.

Мерекелік бағдарлама аясында балаларға арналған танымдық әрі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды. Болашақ бірінші сынып оқушылары «Портфельде не бар?» викторинасына қатысып, «Үздік оқушыны жина» ойынын ойнады және бірінші сынып оқушысының символикалық антын қабылдады. Сондай-ақ жас өнерпаздар Томирис Амантұр мектеп туралы өлең оқып, Айша Бақыт ана туралы ән орындады.

Ата-аналар атынан журналистика факультетінің оқытушысы Нұргүл Абдулла сөз сөйлеп, университет басшылығы мен «Парасат» кәсіподағына қызметкерлердің отбасыларына көрсетіп отырған қамқорлығы және балаларды мектепке дайындаудағы жыл сайынғы қолдауы үшін алғысын білдірді.

Аталған акция Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және олардың отбасылары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмысы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар