- Басты бет
- Жаңалықтар
- ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ДОКТОРАНТЫ ПӘКІСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУДА
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ДОКТОРАНТЫ ПӘКІСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУДА
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының 2-курс докторанты Назерке Жарбосынова Пәкістанның Жоспарлау, даму және арнайы бастамалар министрлігі (Ministry of Planning, Development & Special Initiatives) ұйымдастыруымен жүзеге асырылатын Overseas Pakistanis Summer Scholars Programme 2026 (URAAN Pakistan) халықаралық бағдарламасына қатысуда.
Бағдарламаның бастсы мақсаты – шетелдегі пәкістандық жас ғалымдар мен халықаралық зерттеушілердің ғылыми әлеуетін біріктіру, мемлекеттік басқару мен стратегиялық жоспарлау саласындағы тәжірибе алмасуды дамыту, сондай-ақ халықаралық ғылыми-академиялық ынтымақтастықты нығайту арқылы Пәкістанның ұзақ мерзімді даму басымдықтарын қолдау. Бағдарлама URAAN Pakistan 2035 ұлттық даму стратегиясы аясында ұйымдастырылып, әлемнің 54 елінен келген қатысушыларды біріктірді. Қатысуышлар дүниежүзінің 150 жетекші университетінен 45 шетелдегі пәкістандық жас ғалым және Қазақстан, Бангладеш пен Индонезиядан үш халықаралық жас зерттеуші іріктелді. Алдағы сегіз апта ішінде қатысушылар мемлекеттік басқару, қоғамдық саясат, ұлттық даму жоспарлау және инновациялар саласында тәжірибе жинақтап, Пәкістанның даму стратегиясына өз үлестерін қосады. Аталған жоба аясында қатысушыларға шәкіртақы тағайындалып, Пәкістанның Жоспарлау, даму және арнайы бастамалар министрлігінің резиденциясында тұру жағдайы қамтамасыз етілген.
Докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы қазіргі таңда Пәкістанның интеллектуалды тарихын, қоғамдық-саяси ойдың қалыптасуы зерттеуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, бағдарламаға қатысу оның диссертациялық зерттеуіне тікелей қатысты практикалық тәжірибе мен жаңа ғылыми деректер алуға, мемлекеттік басқару жүйесінің қызметімен танысуға және жетекші сарапшылармен ғылыми байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның ашылу рәсімінде Федералдық жоспарлау, даму және арнайы бастамалар министрі Ахсан Иқбал жастардың білімін, көшбасшылық қабілетін және инновациялық әлеуетін дамыту елдің тұрақты дамуының негізгі кепілі екенін атап өтті.
Шараның алғашқы аптасында қатысушылар Пәкістанның Ұлттық Ассамблеясының қызметімен танысты. Ұлттық Ассамблея – Пәкістан Парламентінің төменгі палатасы әрі елдің заң шығару қызметін жүзеге асыратын негізгі мемлекеттік институттардың бірі. Ұлттық Ассамблеяда парламент депутаттары, үкімет мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ ресми шақырылған шетелдік делегациялар қабылданады.
Бағдарлама докторанттың халықаралық ғылыми тәжірибесін кеңейтіп, мемлекеттік саясат пен стратегиялық жоспарлау саласындағы практикалық білімін тереңдетуге, кәсіби байланыстарын нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.


