Ұрпақтар сабақтастығы болашақ бастамаларға жол ашады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі Түлектер күні аталып өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл игі шара оқу орны мен түлектер арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік орнатуға және болашақ бастамаларға жол ашуға ықпал етеді.
Дәстүрлі шараның бір ерекшелігі – түлектер университет қабырғасында алған біліміне, өмірлік бағыт сілтеген, әрдайым қолдау білдірген сүйікті профессорлар мен ұстаздарға алғыс ретінде оқу ордасына айтулы сый жасайды. Жиынға жиналған қауым сондай қуанышты сәттің куәсі болды. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде жаңа оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудитория факультет түлегі, «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламасының магистранты Ислам Әбдімәжиттің қолдауымен жабдықталды. Жобаға M9 Projects & Investments компаниясы демеушілік көрсетіп, заманауи талаптарға сай оқу кеңістігін қалыптастыруға үлес қосты.
Жаңа аудиторияның ашылуы университет түлектерінің оқу орнына деген құрметі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі болды. Бұл бастама жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап қана қоймай, олардың кәсіби дамуына да оң әсерін тигізеді. Білім беру үдерісінде заманауи технологияларды пайдалану бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болғандықтан, мұндай жобалардың маңызы ерекше.
Салтанатты рәсім барысында ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің басшылығы түлектердің университет өміріне белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті. Түлектердің қолдауымен жүзеге асқан әрбір жоба білім сапасын арттыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда жаңа оқу кабинеті білім мен тәжірибенің сабақтастығын көрсететін маңызды нысанға айналды.
Іс-шара барысында қонақтар факультеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен де танысты. Олар зертханаларды аралап, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеу бағыттары туралы ақпарат алды. Қонақтардың ерекше назарын аударған нысандардың қатарында өнеркәсіптік зерттеулерге бағытталған зертханалар мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған орталықтар болды.
Сонымен қатар қатысушылар еліміздегі алғашқы портативті кванттық компьютерді әзірлеумен айналысатын Quantum AI Laboratory зертханасының жұмысымен танысты. Зертхана мамандары жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің ерекшеліктері туралы баяндап, жаңа технологиялардың болашағы жөнінде пікір алысты. Бұл бағыттағы жұмыстар университеттің ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кездесу барысында түлектер студенттермен еркін форматта сұхбат құрып, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Олар еңбек нарығындағы талаптар, мансаптық даму жолдары, кәсіби дағдыларды жетілдіру және заманауи технологиялардың мүмкіндіктері туралы ойларын ортаға салды. Мұндай кездесулер студенттердің болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағдарын нақтылауға көмектеседі.
Түлектердің өмір жолы – университетте алған білімнің нәтижесін көрсететін жарқын мысал. Бүгінде оқу орнының түлектері мемлекеттік қызметте, ғылымда, бизнесте, ақпараттық технологиялар саласында және өндірісте табысты еңбек етуде. Олардың жетістіктері университет үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан әрбір түлектің жетістігі оқу орнының абыройын арттырып, жас буынға үлгі болады.
Түлектер күні – мерекелік кездесу ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды алаң. Бұл күні әртүрлі буын өкілдері бас қосып, ортақ естеліктермен бөліседі. Студенттік шақтағы қызықты оқиғалар мен ұмытылмас сәттер қайта жаңғырып, ерекше әсер сыйлайды.
Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық деңгейде танылған жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет білім беру сапасын жетілдіру, ғылыми зерттеулерді дамыту және инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жетістіктердің қалыптасуына түлектердің де қосқан үлесі зор.
Түлектер күні аясында айтылған әрбір пікір мен ұсыныс университеттің әрі қарай дамуына жаңа серпін береді. Түлектер мен университет арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы жаңа жобалардың жүзеге асуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға және студенттердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Айгерім САМЕТОВА,
ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті деканының орынбасары
Басқа жаңалықтар