Қытайда ҚазҰУ филиалы ашылады — ҚазҰУ

91ý

Қытайда ҚазҰУ филиалы ашылады

16 шілде 2026
Қытайда ҚазҰУ филиалы ашылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы Қытайдың Сучжоу қаласында орналасқан Сучжоу университетінде ашылады. 

Тиісті келісімге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан–Қытай жоғары технологиялық компанияларының дөңгелек үстелі аясында қол жеткізілді.

Меморандумға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен Сучжоу университетінің ректоры Чжан Цяо қол қойды.

Жоспар бойынша алғашқы оқу жылында үш білім беру бағдарламасы бойынша студенттер қабылданады. Атап айтқанда, электротехника және жасанды интеллект бағыттары бойынша мамандар даярлау жоспарланған. Әр білім беру бағдарламасына 100 студенттен қабылдау көзделіп отыр.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының Қытайда ашылуы бұл үлкен тарихи оқиға. Бүгінде Қытай тарапынан университетімізге деген қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да 7 мыңға жуық шетелдік студент білім алса, олардың 2 200-ге жуығы  Қытайдан келген жастар. Бұл Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне деген сенім мен қызығушылықтың жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді», - деді ҚазҰУ ректоры  Жансейіт Түймебаев. 

Сучжоу университеті ғылым, инженерия, медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар салаларында жоғары деңгейдегі білім мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асырады. Ол Қытайдың ұлттық «Double First-Class» бастамасына енген жетекші университеттердің қатарында. 

Заманауи инфрақұрылымы мен жоғары ғылыми әлеуетінің арқасында Сучжоу университеті Қытайдағы инновациялар мен жоғары білімнің маңызды орталықтарының бірі саналады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі