ҚазҰУ студенттері Ыстықкөлде жазғы демалысын өткізді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ студенттері Ыстықкөлде жазғы демалысын өткізді

20 шілде 2026
ҚазҰУ студенттері Ыстықкөлде жазғы демалысын өткізді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің белсенді студенттері шілде айында Қырғыз Республикасындағы Ыстықкөл жағалауында орналасқан университеттің жазғы спорттық-сауықтыру лагерінде демалып қайтты. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл демалыс жастардың денсаулығын нығайтып, оқу жылынан кейін сергіп, жаңа маусымға тың күшпен оралуына мүмкіндік береді.

Ыстықкөлдің әсем табиғаты мен таза ауасы студенттердің көтеріңкі көңіл күйде тынығуына ерекше әсер етті. Бірлескен демалыс студенттердің өзара сыйластығы мен достығын нығайтып, жаңа таныстықтар орнатуына да жол ашты.

Лагерьде жайлы әрі қауіпсіз демалысқа барлық жағдай жасалған. Студенттер заманауи талапқа сай жабдықталған бөлмелерге орналастырылып, күніне үш мезгіл сапалы әрі құнарлы тағаммен қамтамасыз етілді. Демалыс аймағының инфрақұрылымы бос уақытты мазмұнды өткізуге, спортпен айналысуға және белсенді демалуға толық мүмкіндік берді.

Лагерьге қатысқан жастар университет ұжымына ризашылықтарын білдіріп, мұндай бастамалардың студенттердің бірлігін нығайтып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына серпін беретінін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттердің жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға, олардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға және жастар бастамаларын қолдауға ерекше мән береді. Ыстықкөлдегі жазғы спорттық-сауықтыру лагері – осы бағыттағы игі дәстүрдің жарқын көрінісі. Мұндай демалыс жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып, жаңа оқу жылын тың серпінмен бастауына жол ашады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі