ҚазҰУ спортшылары дзюдодан Азия Кубогының жүлдегерлері атанды
Қытайдың Тайбэй қаласында өткен дзюдодан ересектер арасында Азия Кубогында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті мен түлегі ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарға ие болды.

Аталған додада Медицина және денсаулық сақтау факультетінің 2-курс студенті Айшабибі Мурадимова 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жоғары шеберлік танытып, финалға дейін сүрінбей жетті. Финалда қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені жеңіп алды.

Сондай-ақ осы факультеттің түлегі Нұрсұлтан Зайзағалиев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медалді иеленді. Ол жарыс барысында қарсыластарымен өткен белдесулерде жоғары дайындық деңгейі мен жеңіске деген жігерін дәлелдеп, Азия Кубогының жүлдегері атанды.

Халықаралық аренадағы бұл жетістік Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алумен қатар спортты серік еткен жастардың қажырлы еңбегі мен жүйелі дайындығының жемісі. Университет ұжымы жүлдегерлерді жарқын жеңісімен құттықтап, алдағы жарыста толағай табыс пен жаңа белестер тілейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар