ҚазҰУ-да Қазақстан–Пәкістан ғылыми-зерттеу орталығы құрылады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да Қазақстан–Пәкістан ғылыми-зерттеу орталығы құрылады

20 шілде 2026
ҚазҰУ-да Қазақстан–Пәкістан ғылыми-зерттеу орталығы құрылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Пәкістанның Федералдық білім беру және кәсіптік даярлау жөніндегі мемлекеттік министрі Ваджиха Камармен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. 

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандум аясында ҚазҰУ-да Қазақстан-Пәкістан ғылыми-зерттеу орталығын ашуға уағдаласты. Аталған орталық болашақта Пәкістан мен Қазақстан ЖОО-лары арасындағы әріптестік байланысты дамытып, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға жол ашпақ.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа университеттің тарихы мен қазіргі жеткен жетістігін таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ректор өз сөзінде ҚазҰУ-дың Пәкістанның жетекші университеттерімен тығыз байланыс орнатып, білім беру және ғылым салаларында нәтижелі ынтымақтастықты дамытып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде университетіміз Пәкістанның бірқатар жоғары оқу орындарымен академиялық және ғылыми байланыстарды жүйелі түрде дамытып келеді. Студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық конференциялар мен форумдарды ұйымдастыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Қазақстан–Пәкістан ғылыми-зерттеу орталығы осы әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, екі елдің ғалымдары үшін тиімді ғылыми алаңға айналады деп сенемін», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Пәкістанның Федералдық білім беру және кәсіптік даярлау жөніндегі мемлекеттік министрі Ваджиха Камар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі жоғары беделіне тоқталып, университеттің ғылыми әлеуетіне жоғары баға берді. Министр  Қазақстан мен Пәкістан арасындағы білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізіп, жаңа ғылыми-зерттеу орталығы екі елдің университеттері арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

«Пәкістан университеттері бүгінде жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және цифрлық инновациялар бағытында тереңдетілген білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеді. Осы салалар бойынша ҚазҰУ-мен бірлескен жобаларды дамытуға мол мүмкіндік бар. Осыған орай ҚазҰУ басшылығы мен ұжымын Пәкістанға ресми жұмыс сапарымен келуге шақырамын. Бұл сапар аясында сіздер еліміздің жетекші университеттерінің білім беру және ғылыми қызметімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік аласыздар. Сонымен қатар оқытушылар мен зерттеушілер алмасу бағдарламаларын кеңейтіп, ғалымдардың тағылымдамадан өтуін және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуін қолға алуды ұсынамын», – деді Ваджиха Камар.

Келіссөз қорытындысында тараптар кездесуде көтерілген барлық ұсыныстарды қолдап, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға арналған бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеуге келісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі