Ұстаз берген тәлім – өмірлік өнеге
«Тарих мамандығын тектілер таңдайды» деген ұстаным маған ұнайды. Қазақ дәстүрінде тектілік тек шығу тегі ғана емес, ол адамгершілігінің тазалығы, өткенге және ата-бабаларға құрметі, қоғам алдындағы жауапкершілігі, мәдениет пен ойлау деңгейінің жоғарылығы. Осы жағынан алғанда, тарих мамандығын таңдаған адам өз халқының тамырын түсінуге ұмтылады, мәдени мұраны сақтайды, қоғамның тарихи санасын қалыптастыруға үлесін қосады, білімін келер ұрпаққа жеткізеді.
Тарихшы шындықты бұрмаламайды, қайта тарихи шындықты айта білуі керек, конъюнктураға бейімделмейді, деректер мен фактілерді құрметтейді, білім арқылы қоғамға қызмет етеді. Яғни мұндағы «тектілік» – адамның өзі үшін қоятын жоғары ішкі өлшемі. Бұл тарих мамандығын тек академиялық сала ғана емес, терең миссиялық мәні бар кәсіпке айналдырады. Сондықтан «Тарихты тектілер таңдайды» деген тіркесте әңгіме әлеуметтік тегі туралы емес, адамның ішкі сапасы, адамның шығу тегі емес, керісінше, мамандықтың құндылықтық сипаттамасын көрсетеді. Ол тарихты терең ойлай алатын, адамгершілік жауапкершілігі жоғары және өткенге құрметпен қарайтын, қоғам алдында зияткерлік әрі моральдық миссия атқара алатын адамдар таңдайтынын білдіреді. Қалай болғанда да, ҚазМУ болмысымызға тектілікті сіңірді, білім культі болды.
Бір аудиторияда білім алып, бір жатақханада бес жыл бірге тұрған студенттердің арман-мақсаттары ұқсас еді. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған жастардың достығы ерекше болатын. Біздің курстың студенттері еңбек өтілімен (жігіттер әскер қатарында болған) оқуға түскен жастар еді. Олардың ерекшелігі – өмірлік тәжірибесінің молдығы, оқуға деген жауапкершілігі, уақытты тиімді пайдалана білуі және мотивациясының жоғарылығы болатын. Іскерлік, көшбасшылық, практикалық машықтары айқын көрінді. Университет пен факультеттің қоғамдық өміріне белсене араласты. Сегіз студент СОКП (Коммунистік партия) мүшесі болды. Бұл олардың сол кезеңдегі идеологиялық жағынан шыңдалған, қоғамға үлгі бола алатын жастар санатында болғанын білдіретін.
ҚазМУ-да оқу жоғары тәртіпті талап етті. Топ ішінде өзара көмек кеңінен қолданылды: емтихандарға бірлесіп дайындалу; күрделі тапсырмаларды ұжым болып орындау; үлгерімі төмен студенттерге көмек көрсетілетін. Әсіресе үздік студенттердің рөлі айқын байқалды – олар бейресми түрде өзгелерге жетекші, тәлімгер бола білді. Кейбіреулер сабақтан кейін күрделі тақырыптарды бірлесіп талқылау тәжірибесі қалыптасты.
ҚазМУ қалашығы – Алатаудың бөктерінде орналасқан, сол кезде жаңа ғимараттары бой көтеріп жатқан, табиғаты көркем, тіпті курорт деуге лайық студенттер қалашығы еді. Жатақханаларда студенттердің алаңсыз білім алып, өмір сүруіне барлық жағдай жасалған болатын. Біздің студенттік шағымыз бейбіт те берекелі, адамдар мамыражай өмір сүрген кезеңмен тұспа-тұс келді.
Ұстаз берген тәлім – өмірлік өнеге. Еліміздің ең үздік университет оқытушылары мен көрнекті ғалымдары бізге дәріс оқыды. Ұстаздарымыздың білім деңгейі өте жоғары, жан-жақты дамыған, сөйлеу мәдениеті, киіну үлгісі, өзін-өзі ұстауы және студенттермен қарым-қатынасы ерекше болатын. Оқытушы мен студент арасындағы байланыс өзара сыйластық пен сенімге негізделді. Бізге дәріс оқыған ұстаздардың әрқайсысы өз тарихи кезеңдерінің нағыз білгірлері еді. Бір жолы жатақханада өткен кездесуде студенттердің сұрақтарына әрқайсысы тек өз маманданған саласы бойынша жауап беріп, басқа тақырыптарға келгенде әріптестерін құрметпен ұсынып отырғаны біз үшін үлкен өнеге болды.
Бесжылдық оқу барысында тарихшы үшін ең бастысы дерек екенін, ал деректі сын тұрғысынан қарап, талдай білудің маңызын терең түсіндім. Факультет деканы, профессор Шалекенов Уахит Хамзаұлы «Этнография» пәнінен дәріс оқыды. Студенттерге үнемі қамқорлықпен қарап, түрлі шараларда – фестиваль, сенбілік, практика өту барысында бірге болатын. Оның көмекшісі, деканатта барлық студенттерді жылы қарсы алып, құжаттарын реттеп, қадағалайтын ұстазымыз А.Бегалиева болды. Ежелгі дүние тарихынан дәріс берген Ғ.Нұртазина, профессорлар Ә.Чупеков, Н.Алдабергенов, М.Елеуов, Қ.Қаражанов, Н.Алдабекова, Б.Сұлтанов, Қ.Әбусейітов, М.Әбусейітова т.б. дәріс оқып, арнайы курстар өткізді.
Бірінші курсқа жаңадан қабылданған, ауылдан келген біз үшін археология ғылымының корифейі, профессор Оразбаев Әбдіманап ағайдан дәріс алу үлкен бақыт еді. Оның атақты Оразбай әулетінің ұрпағы екенін естіген соң, қызығушылығымыз одан сайын артты. Ағайдың өзін ұстауы, сөйлеуі мен киіну мәнері табиғи бекзаттықты аңғартып тұратын.
Осы кезеңде ұстаздарымның кәсіби шеберлігін бұрынғыдан да терең бағалай бастадым. Әсіресе Мекішев Бақтажар ағайдың дәріс беру өнеріне тәнті болдым. Ол ешкімге ұқсамайтын, өз ісіне шексіз берілген жан еді. ылыми атағы жоғары болмаса да, ең жоғары академиялық дәрежелерге әбден лайық тұлға болатын. Сөзге шешен, сабақ барысында түрлі тақырыптарды қамтып үлгеретін бір өзі тұтас тәрбие бөлімінің жұмысын атқарғандай болған екен. «Жеті муза» қоғамы Алматы студенттерінің арасында танымал болды.
Биыл университет бітіргенімізге 40 жыл толды. ҚазМУ-да курстас достармен бірге өткен студенттік жылдар, қызмет еткен ұлағатты ұстаздардың өнегесі біздің өміріміздегі ең қымбат естеліктердің бірі болып қалады.
Сандуғаш Бөлегенова,
ҚазҰУ-дың 1986 жылғы түлегі
Факия Шамшиденова,
ҚазҰУ-дың 1986 жылғы түлегі, тарих ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар