Тәжірибе – маман қалыптастырудың
Бүгінде табиғи және техногендік қауіп-қатерлердің алдын алу, төтенше жағдайлардың салдарын азайту және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері әлемдік деңгейде өзекті болып отыр. Осы бағытта ғылыми зерттеулер жүргізіп, өңірлік деңгейде апаттар қаупін төмендету жұмыстарымен айналысатын жетекші ұйымдардың бірі – Алматы қаласында орналасқан Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы.
Аталған мекеме Орталық Азия елдерінде табиғи апаттардың алдын алу, қауіп-қатерлерді бағалау, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар орталық жас мамандарды даярлау ісіне де ерекше көңіл бөліп, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.
Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті мен аталған орталық арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл келісім аясында факультет студенттері бірнеше жылдан бері орталықта өндірістік тәжірибеден өтіп, өздерінің теориялық білімдерін тәжірибеде шыңдап келеді. Мұндай тәжірибе студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге, төтенше жағдайлар саласындағы нақты жұмыстармен танысуына және болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді.
Биыл да факультеттің «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Аружан Қарабаева осы орталықта өндірістік тәжірибеден өтіп, тәжірибесін сәтті аяқтады. Тәжірибе барысында студент табиғи апаттар қаупін бағалау, төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіптерді талдау және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жұмыстармен танысып, оқу барысында алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана білді.
Тәжірибе кезеңінде Аружан өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бастамашылдығы мен еңбекқорлығын көрсете білді. Ол ұжыммен тиімді жұмыс істеп, берілген тапсырмаларды сапалы орындау арқылы мекеме мамандарының жоғары бағасына ие болды. Студенттің кәсіби жауапкершілігі, жаңа білім мен тәжірибе игеруге деген ұмтылысы орталық басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының директоры Д.Укашовтың қолы қойылған арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламасы қазіргі қоғам үшін маңызды әрі өзекті бағыттардың бірі. Бұл мамандық табиғи апаттар мен техногендік қауіптердің алдын алу, төтенше жағдайлардың салдарын азайту, қауіп-қатерлерді басқару және қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытында білікті мамандар даярлауға арналған. Бағдарлама аясында студенттер қауіп-қатерлерді бағалау, мониторинг жүргізу, талдау және болжау әдістерін меңгереді.
Студенттердің өндірістік тәжірибе барысында өздерінің теориялық білімдерін тәжірибеде дәлелдеп, кәсіби ортада өздерін лайықты деңгейде көрсетуі кафедра ұжымы үшін үлкен қуаныш. Болашақ мамандардың тәжірибе барысында университет пен кафедраның абыройын асқақтатып, жауапты әрі білікті жас маман ретінде қалыптасуы оқытушылар еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Қарабаева Аружанға алдағы оқуында табыс, кәсіби жолында үлкен жетістіктер тілейміз. Болашақта табиғи-техногендік қауіп-қатерлерді басқару саласында білікті маман ретінде қалыптасып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында өз үлесін қосады деп сенеміз.
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Картография және
геоинформатика кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар