Ғарыштық технологиялар мен инновациялық білім
Заманауи әлемде мемлекеттің қуаты тек оның жер қойнауындағы байлығымен емес, жоғары технологияларды меңгерген білікті кадрлық әлеуетімен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауларында ел экономикасын цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану және отандық ғарыш саласының әлеуетін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеген болатын. Әсіресе Президенттің жоғары оқу орындары мен еліміздің ірі өндірістік флагмандары арасындағы интеграцияны күшейту туралы тапсырмасы бүгінгі білім беру саласының негізгі темірқазығына айналды.
Осы стратегиялық бағытты басшылыққа ала отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасы заманауи нарық талаптарына сай, «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламасы аясында жаңа буын мамандарын даярлауды серпінді жүзеге асыруда.
Білім мен тәжірибенің ұштасқан жерінде ғана нақты кәсіби мамандар қалыптасады. Бүгінде аталған мамандықтың 3-курс студенттері еліміздің бас ғарыштық ведомствосы – «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ базасында өндірістік тәжірибеден өтуде. Бұл жай ғана кезекті практика емес, бұл студенттердің ел игілігіне қызмет ететін нақты өндірістік жобаларға тікелей араласуына жол ашқан бірегей мүмкіндік.
Студенттердің өндірістегі ғылыми-тәжірибелік жұмыстарына «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ Кеңістік деректерді талдау департаментінің директоры Әнел Ислямова тікелей жетекшілік етуде. Өз ісінің халықаралық деңгейдегі кәсіпқойы маманы басшылығымен білім алушылар Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) деректерін өңдеу, спутниктік суреттерді талдау және ашық геокеңістіктік платформалар негізінде аумақтарды цифрландыру (векторлау) сияқты күрделі инженерлік міндеттерді орындауда. Мұндай ірі өндіріс басшыларының жас мамандарды тәрбиелеуге уақыт бөліп, қолдау көрсетуі университеттің академиялық саясаты мен өндірістің мақсаттастығын айқындайды.
Бұл білім беру бағдарламасы мен өндірістік тәжірибе БҰҰ-ның Жаһандық тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) де тікелей астарласып жатыр. Студенттер атқарып жатқан ғарыштық мониторинг жұмыстары мынадай маңызды ТДМ бағыттарын қамтамасыз етуге бағытталған:
ТДМ-9: Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым – ғарыштық және ГАЖ (геоақпараттық) технологияларды қолдану арқылы инфрақұрылымдық нысандарды цифрлық модельдеу.
ТДМ-11: Тұрақты қалалар мен елді мекендер – урбандалған аумақтардың қауіпсіздігін, экологиялық-геодинамикалық қауіптерін ғарыштан бақылау арқылы қалаларды тұрақты дамыту.
ТДМ-13: Климаттың өзгеруіне қарсы күрес – климаттық өзгерістер салдарынан туындайтын табиғи апаттардың (тасқын, құрғақшылық, сел мен көшкін) алдын алу және болжау жүйесін жетілдіру.
Президентіміз Қ.Тоқаев атап өткендей: «Бізге экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғырту, жаңа цифрлық құралдарды енгізу өмірлік маңызды». Студенттердің практика барысында ArcGIS Pro, Google Earth Engine сияқты бұлттық және геоақпараттық технологияларды меңгеруі Мемлекет басшысы алға қойған цифрлық Қазақстанды құруға қосылып жатқан нақты үлес.
Бүгінгі таңда табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлердің алдын алу – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. ҚазҰУ мен «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ арасындағы бұл бірлескен жұмыс теориялық білімді өндірістік міндеттермен ұштастырудың мінсіз үлгісі.
Ғарыштық мониторинг пен ГАЖ технологияларын тең меңгерген жас мамандар болашақта еліміздің төтенше жағдайлардың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау және жер ресурстарын тиімді басқару салаларында айтарлықтай серпіліс жасайтынына сеніміміз кәміл. Өндіріс төрінде шыңдалған жастар жаңа әділетті Қазақстанның интеллектуалды элитасы болмақ.
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Картография және
геоинформатика кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар