Жаһандық климаттың өзгеруі мен оның қоршаған ортаға тигізер салдары бүгінде дүниежүзілік ғылымның ең өзекті тақырыптарының біріне айналды. Сондықтан да отандық жас ғалымдардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруі еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың басты кепілі болып саналады. Осындай маңызды қадамдардың бірі ретінде «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты Бақыт Имамованың қазіргі уақытта Грекия Республикасындағы беделді жоғары оқу орындарының бірі – Афины ұлттық техникалық университетінде (National Technical University of Athens) халықаралық ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқанын атап өтуге болады.
Жас ғалым Грекиядағы сапары барысында университеттің Ауыл шаруашылығы, топография және геоинформатика инженериясы мектебінің (School of Rural, Surveying and Geoinformatics Engineering) құрамындағы Мелиорациялық жұмыстар және су ресурстарын басқару зертханасында (Laboratory of Reclamation Works and Water Resources Management) ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Докторанттың шетелдік ғылыми жетекшісі – су ресурстары саласындағы танымал маман, PhD, доцент Харрис Вангелис. Тағылымдаманың бағдарламасы өте тығыз әрі мазмұнды құрылған. Оның аясында су ресурстарын тиімді басқару, мелиорация жүйелерін жетілдіру және табиғи-техногендік қауіп-қатерлердің қоршаған ортаға әсерін бағалау бағыттары терең зерделенуде. Әсіресе қазіргі заманғы зерттеулердің ажырамас бөлігіне айналған геоақпараттық технологияларды және қашықтықтан зондтау әдістерін модельдеу жұмыстарына қолдануға ерекше назар аударылып отыр.

Докторанттың шетелде шыңдап жатқан білімі мен меңгерген инновациялық әдістері оның диссертациялық жұмысының сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бақыт Имамованың диссертациялық зерттеу тақырыбы Қазақстанның экологиялық және су қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие, ол «Ертіс өзені су шаруашылығы алабындағы су басу қаупін бағалау: климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған әдіс-тәсілдер» деп аталады. Ертіс өзені алабы – еліміздің ірі экономикалық және табиғи аймақтарының бірі екені белгілі. Климаттың жаһандық жылынуы мен антропогендік факторлардың әсерінен бұл өңірде су басу қаупі мен экстремалды гидрологиялық құбылыстар соңғы жылдары жиілей түсті. Осы орайда, жас ғалым грек әріптестерімен бірлесе отырып, Ертіс алабындағы су басу қаупі бар аймақтарды ГАЖ көмегімен цифрлық картаға түсіру, климаттық сценарийлерді негізге ала отырып, су тасқындарының алдын алу модельдерін құру және су ресурстарын трансшекаралық деңгейде тиімді басқарудың заманауи тәсілдерін әзірлеу жұмыстарын іске асыруда. Грекиялық мамандардың су тасқындарын модельдеу және су тапшылығын басқару саласындағы озық тәжірибесі отандық өзен алаптарының мәселелерін шешуге жаңаша көзқарас әкелері сөзсіз.
Зертханалық жұмыстармен қатар, докторант халықаралық ғылыми ортада белсенді тәжірибе алмасып, еуропалық ғалымдармен кәсіби байланыстар орнатуда. Сапар барысында алдағы уақытта бірлескен халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру, жоғары импакт-факторлы журналдарда мақалалар жариялау және ғылыми ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды келіссөздер жүргізілуде. Мұндай халықаралық ғылыми тағылымдамалар жас ғалымдардың зерттеушілік құзыреттілігін арттыруға, дүниежүзілік ғылыми кеңістікке кірігуіне және инновациялық технологияларды отандық өндіріс пен ғылымға енгізуге зор мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттырып, олардың кәсіби дамуына елеулі үлес қосары анық.
Мыңжылдық тарихы бар Афины төрінде еліміздің ғылымын танытып, өзекті мәселелердің шешімін іздеп жүрген жас ғалым Бақыт Имамоваға зерттеу жұмыстарында толағай табыстар, жаңа ғылыми жетістіктер және халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюін тілейміз. Ертіс алабының қауіпсіздігіне арналған бұл зерттеу жұмысы алдағы уақытта сәтті қорғалып, отандық су шаруашылығы ғылымына елеулі үлес қосады деп сенеміз.
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар