АБАЙ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! — ҚазҰУ

91ý

АБАЙ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

10 тамыз 2026
АБАЙ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары және білім алушы жастар!

Баршаңызды қазақ халқының рухани ұстазы Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мерекелік құттықтауында: «Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы айтқандай, Абайдың өсиеттері мен даналық сөздері – әрқашан біздің бағдарымыз. Қара шаңырағымызда ұлы ақынның мұрасын терең зерттеп, дәріптеуге айрықша көңіл бөлініп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Университет жанынан жұмыс істейтін Абай ғылыми-зерттеу институты хакім шығармашылығын академиялық деңгейде зерделеп, оның ілімін кеңінен насихаттауда сүбелі үлес қосуда.

Абай ілімі – бүгінгі жас ұрпақты саналы, отаншыл, әділ әрі еңбекқор рухта тәрбиелеудің басты тетігі. Ұлы ақынның басты өмірлік қағидаты – ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүректі тең ұстап, ізгілік пен білімділік құндылықтарын жастардың санасына сіңіру мақсатында университетте арнайы «Абайдың кісілік кодексі» қабылданды. Хакімнің қара сөздерінен бастау алатын бұл құжат студенттеріміздің өмірлік ұстанымына айналып, олардың қоғамға пайдалы, саналы азамат болып қалыптасуына жол ашатын маңызды тәрбие құралына айналды.

«Адал азамат», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ұстана отырып, біз кемел елдің болашағын қалыптастырамыз. Әрбір жас маман Абай армандаған «толық адам» сипатына сай болып, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенемін.

Баршаңызға мықты денсаулық, шығармашылық табыс, оқу мен ғылым жолында жаңа биіктер тілеймін!

Абай күні құтты болсын!