Шахмат федерациясымен серіктестік нығайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовпен кездесу өткізді.
Тараптар ҚазҰУ базасында өткен ЖОО-лар арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының қорытындысын саралап, одан әрі әріптестікті тереңдетудің перспективті бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында Дәрмен Сәдуақасов ауқымды халықаралық турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін университет басшылығына ризашылығын білдірді. Ол мұндай деңгейдегі жарыстар Қазақстанның спорттық әрі білім беру әлеуетін әлемдік аренада танытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев университеттің шахматты дамытуға және студент жастардың зияткерлік қабілетін арттыруға бағытталған кез келген бастаманы қолдауға дайын екенін жеткізді.

Кездесуден соң Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті оқу ордасының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Мәртебелі қонаққа Ми институты мен Суперкомпьютер орталығының тыныс-тіршілігі көрсетілді. Сонымен қатар Қытаймен бірлесіп құрылған Робототехника орталығы мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығы ғалымдарының озық жобалары таныстырылды.

Дәрмен Сәдуақасов оқу ордасының ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, «ҚазҰУ-ға арнайы келгеніме қуаныштымын. Университеттің ғылыми орталықтары мен зертханаларын аралап, заманауи инфраструктурасына тәнті болдым. Мұнда жастардың озық технологияларды меңгеріп, ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалған», – деп өз әсерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар