ҚазҰУ-да студенттер арасындағы тарихи шахмат чемпионаты аяқталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ЖОО-лар арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты (FIDE World University Team Chess Championship 2026) мәресіне жетті.
Ауқымды халықаралық турнирдің финалдық кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) командасы 3-орынды иеленіп, елімізге қола жүлдені сыйлады. Турнирдің чемпионы атағын Орал мемлекеттік тау-кен университеті (USMU, Ресей) жеңіп алса, 2-орынды Сент-Луис университетінің (SLU, АҚШ) командасы еншіледі.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов біріншілік ерекше атмосферада өткенін жеткізді: «Шешуші минуттарда тарихи қола жүлдеге қол жеткізген KNUS командасын шын жүректен құттықтаймын! Турнир өте жоғары деңгейде өтті, бұны алты құрлықтан келген студенттердің өздері де атап өтуде. Алматы қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған университеттер арасындағы бұл алғашқы әлем чемпионаты толықтай сәтті жүзеге асты», – деді Дәрмен Сәдуақасов.

Тұңғыш чемпионатқа қатысу үшін алдын ала іріктеу кезеңінде 49 елден 79 университет командасы бақ сынаған болатын. Онлайн-іріктеудің қорытындысы бойынша ең үздік 8 ұжым және ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен тағы 8 команда анықталып, финалдық кезеңде Алматыда 16 үздік құрама бас қосты.

Үшінші орын үшін болған бәсеке ерекше тартысты өтті. Шешуші «армагеддон» партиясында бірінші тақтадағы гроссмейстерлер – қазақстандық Қазыбек Нөгербек пен үндістандық Самант Адитья шеберлік байқасты. Тартысты кездесуде отандық шахматшы Қазыбек Нөгербек жеңіске жетіп, командасына қола медаль алып берді.

«Оңай болған жоқ. Тек өз оқу орным емес, бүкіл ел намысын қорғап жатқанымды сезінгендіктен қатты қобалжыдым. Біз тек жеңісті көздедік және әрбір әріптесім соңғы сәтке дейін күресті. Шешуші ойындарда маған жинақтаған тәжірибем көмектесті», – деді гроссмейстер Қазыбек Нөгербек.

Еске сала кетейік, біріншілік 4-9 тамыз аралығында ҚазҰУ-дың Farabi Hub орталығында өтті. Халықаралық турнир Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР ылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асты.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар