ҚазҰУ-да UNICEF Zhastary хабы құрылады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да UNICEF Zhastary хабы құрылады

10 тамыз 2026
ҚазҰУ-да UNICEF Zhastary хабы құрылады

Алматыда «Almaty Youth Forum 2026: Орталық Азия тұрақты даму жолында»  тақырыбындағы халықаралық жастар форумы басталды. 

Іс-шараны Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (UNICEF) және Алматы волонтерлерінің фронт-офисі бірлесіп ұйымдастыруда. 

Екікүндік форумның бағдарламасы климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдан бастап, цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектіні қолдануға дейінгі алты негізгі тақырыптық бағытты қамтиды. 

Жиынға қала әкімдігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, ЖОО басшылары, шетелдік сарапшылар, ғалымдар, жас көшбасшылар және студент жастар қатысты.

Форум аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ Балалар қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ресми құжат аясында тараптар оқу ордасының базасында UNICEF Zhastary хабын құрады. Аталған орталық еріктілер мен жастардың бастамаларын, сондай-ақ тұрақты даму жобаларын дамытуға арналған алаңға айналады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева: «Біз үшін UNICEF Zhastary хабының ашылуы – жастар көшбасшылығына салынған инвестиция. Университет тек кәсіби мамандар ғана емес, қоғамға нақты пайда әкелетін бастамалар дүниеге келетін орын болғанын қалаймыз», – деп атап өтті.

Форумда  ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мұстафа Сарвар жобаның маңыздылығын жеткізді. «Орталық Азия жастары қазіргі заманның күрделі әлеуметтік мәселелерін шешуде орасан зор әлеуетке ие. Almaty Youth Forum сияқты платформаларды қолдау арқылы біз өңірлік ынтымақтастықты нығайтуды және жастарға өз идеяларын дамытуға, оң өзгерістердің көшбасшысы болуға мүмкіндік беруді мақсат етеміз», – деді Рашед Мұстафа Сарвар.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек: «Бүгінде жастар үшін идеялар нақты жобаларға айналатын, ал бастамашылдық мемлекет, халықаралық ұйымдар мен бизнес тарапынан қолдау табатын кеңістік құру аса маңызды. Almaty Youth Forum дәл осындай алаңға айналып, Қазақстан мен Орталық Азия жастарын тұрақты даму мен волонтерліктің ортақ құндылықтары төңірегінде біріктіріп отыр», – деді.

Шара бағдарламасында жоғары деңгейдегі панельдік пікірталастар, воркшоптар, табысты тұлғалардың мотивациялық кездесулері және жастар арасында өткен республикалық байқау нәтижесінде іріктелген 29 жобаның көрмесі өтеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі