ҚазҰУ пансионатына кезекті жөндеу жүргізілді — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ пансионатына кезекті жөндеу жүргізілді

11 тамыз 2026
ҚазҰУ пансионатына кезекті жөндеу жүргізілді

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ыстықкөл жағалауында орналасқан спорттық-сауықтыру кешенінде кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар студенттерге, университет қызметкерлері мен демалушыларға барынша жайлы әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жөндеу барысында пансионаттың бірінші қабатындағы фойе мен кіреберіс аймағы қайта жаңартылды: әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қабырғалар сыланып, жаңа жұмсақ жиһаз алынды. Бұған қосымша ғимараттың ішкі фойесіне кітап сөресі  орнатылды. Нәтижесінде қоғамдық кеңістіктер заманауи сипатқа ие болды.

Тұрғын бөлмелерді жаңартуға да ерекше көңіл бөлінді. Пансионатқа жаңа кереуеттер, төсек-орын жабдықтары мен перделер сатып алынып, жаңа кілемдер төселді. Сонымен бірге есіктер мен интерьердің басқа да элементтері жаңаланды.

Кешен аумағында жазғы мектептер, кездесулер, конференциялар және ғылыми дәрістер өткізуге арналған арнайы шатыр сатып алынды. Табиғатпен үйлескен ашық формат қатысушылардың еркін пікір алмасуына, жаңа идеялармен бөлісуіне және бейресми жағдайда кәсіби байланыстар орнатуына қолайлы мүмкіндік береді. 

 

Санитарлық тораптар толық қалпына келтіріліп, жөнделді. Кафельді қаптамалар ауыстырылды, жаңа қолжуғыштар  орнатылды.

Сондай-ақ кешен аумағында жаңа жылжымалы эко-глемпинг үйі пайдалануға берілді. Ол заманауи демалысқа қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Эко-үйдің панорамалық терезелері қонақтарға жайлы ортада отырып, Ыстықкөлдің әсем табиғатын тамашалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әр қабырғаларға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ауқымды шаралардың көрінісі бейнеленген суреттер ілінді.

 

Еске сала кетейік, бұған дейін пансионаттың әкімшілік және тұрғын корпустарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сондай-ақ үш тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорттық-сауықтыру кешені аумақты одан әрі абаттандыру және материалдық-техникалық базаны жетілдіру жұмыстарын жалғастыра береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі