- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының түлегі Президент Әкімшілігінде жауапты лауазымға тағайындалды
Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының түлегі Президент Әкімшілігінде жауапты лауазымға тағайындалды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті корейтану бөлімінің түлегі Даутов Бауыржан Серікұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөліміне консультант қызметіне тағайындалды.
Даутов Бауыржан Серікұлы 2025 жылғы Президенттік жастар кадр резервіне «Сыртқы саясат және инвестициялар» бағыты бойынша енгізілген. Ол 2011 жылы Алматы қаласындағы №40 мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Аударма ісі» (корей тілі) мамандығы бойынша үздік аяқтаған.
Студенттік жылдары Корея Республикасындағы Хангук шет тілдер университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алған. 2017 жылы Сонгюнгван университетінің (Корея Республикасы) саясаттану және дипломатия факультетін тәмамдап, саяси ғылымдар магистрі дәрежесін иеленген.
Еңбек жолында халықаралық медицина, дипломатия, мемлекеттік қызмет және кадр саясаты салаларында табысты қызмет атқарған. Атап айтқанда, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Корея павильонының PR-менеджері, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінде штаттан тыс қызметкер, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ұлттық кадрларды басқару орталығында сарапшы, бас сарапшы және басқарма басшысы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия–Тынық мұхиты өңірі департаментінде, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінде атташе қызметінде жұмыс істеген. Қазіргі уақытта оның дипломатиялық дәрежесі — үшінші хатшы.
Даутов Бауыржан Серікұлы қазақ, орыс, ағылшын және корей тілдерін еркін меңгерген. Ол халықаралық және республикалық деңгейдегі бірқатар ғылыми, тілдік және қоғамдық байқаулардың жеңімпазы, сондай-ақ мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың алғыс хаттары мен марапаттарының иегері.
ҚазҰУ түлегінің кәсіби жетістіктері университеттің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға елеулі үлес қосып, жас мамандар үшін жарқын үлгі болары сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы Даутов Бауыржан Серікұлына алдағы қызметінде толағай табыс, кәсіби өсім мен мансап жолында зор жетістіктер тілейді.
Басқа жаңалықтар