«Шинхан Банк Қазақстан» АҚ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне кезекті шәкіртақысын табыстады — ҚазҰУ

91ý

«Шинхан Банк Қазақстан» АҚ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне кезекті шәкіртақысын табыстады

6 ақпан 2026
«Шинхан Банк Қазақстан» АҚ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне кезекті шәкіртақысын  табыстады

2026 жылдың 6 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Шинхан банк Қазақстан» АҚ-ның студенттік шәкіртақыларын табыстау рәсімі өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасы, корейтану бөлімінің кафедралық іс-шараларына белсенді қатысып жүрген 7 студент 150 000 теңге көлеміндегі шәкіртақыға ие болды.

Атап айтқанда, шәкіртақы иегерлері: 4-курс студенттері Уахитова Альбина Алимжанқызы, Алтыбай Шұғыла Азаматқызы, Мейрамбекова Мерей Асқарқызы, Алтай Рабиға, Базарбаева Әмина Ерикқызы, Самедин Назым, сондай-ақ 2-курс студенті Отыншина Раушан Ерболқызы. Шәкіртақыларды «Шинхан банк Қазақстан» АҚ-ның басқарушы директоры Жақсыкелдинов Нариман Мақсутұлы табыстады.

«Қазақстан Шинхан Банк» АҚ соңғы 15 жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің студенттеріне тұрақты түрде қаржылық көмек көрсетіп келеді. Жыл сайын тағайындалатын студенттік шәкіртақылар білім алушылардың оқу үдерісіне деген ынтасын арттыруға, отандық корейтану саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ Қазақстандағы Корея Республикасының оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосуда.

Сонымен қатар, Қиыр Шығыс кафедрасы корейтану бөлімінің студенттері «Қазақстан Шинхан Банк» акционерлік қоғамында жыл сайын кәсіби тәжірибеден өтеді. Бұл мекеме болашақ шығыстанушы мамандардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру үшін тиімді әрі қолайлы тәжірибе алаңы болып табылады.

Мұндай іс-шаралардың өткізілуі студенттердің корей тілі мен мәдениетін игеруге деген қызығушылығын арттырып, «Шинхан банк Қазақстан» АҚ мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіреміз. Шәкіртақы иегерлерін шын жүректен құттықтап, олардың болашақта бәсекеге қабілетті, жоғары білікті маман ретінде қалыптасуларына сәттілік тілейміз.