- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Ізгілік пен қайырымдылық – адамшылықтың өлшемі» акциясы аясында қайырымдылық шарасы
«Ізгілік пен қайырымдылық – адамшылықтың өлшемі» акциясы аясында қайырымдылық шарасы
2026 жылғы 25 ақпанда Ақпараттық жүйелер кафедрасы «Ізгілік пен қайырымдылық – адамшылықтың өлшемі» акциясы аясында тағылымы терең, мазмұны бай қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, өскелең ұрпақтың бойында мейірімділік, жанашырлық және қамқорлық секілді ізгі қасиеттерді қалыптастыру, сондай-ақ балаларға рухани қолдау көрсету болды.
Іс-шараны кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Ілесова Бақытгүл Ералықызы, ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары м.а., аға оқытушы Дүйсенбекқызы Жансая және кафедраның аға кураторы Қажыбек Айгерім Маратқызы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың бастамасымен Ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі мен профессор-оқытушылар, сондай-ақ 1-курс және 3-курс студенттер белсенді қатысып, ортақ игі іске өз үлестерін қосты. 
Шара барысында балаларға ойыншықтар, оқу құралдары, кеңсе тауарлары, тәттілер және күнделікті тұрмысқа қажетті заттар табысталды. Сонымен қатар студенттер шағын концерттік бағдарлама ұсынып, ән шырқап, қызықты ойындар ұйымдастырды. Танымдық әрі дамытушы ойындар арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған белсенді іс-әрекеттер жүргізілді. Бұл кездесудің басты құндылығы – балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, олардың қоғамның қамқорлығы мен жанашырлығын сезінуіне мүмкіндік беру болды.
Іс-шара аясында кәсіби бағдар беру жұмыстары да жүргізіліп, балаларға Ақпараттық жүйелер кафедрасында жүзеге асырылатын «6B06102 Ақпараттық жүйелер» және «6B06106 Жасанды интеллектісі бар жоғары жүктелген ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды. Аталған бағдарламалар аясында білім алушылар бағдарламалау, деректер қоры, бұлттық технологиялар, жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау, жоғары жүктемелі веб-сервистерді жобалау және киберқауіпсіздік бағыттарында білім алады. Мысал ретінде студенттердің стартап жобалар әзірлеп, түрлі ІТ-компанияларда өндірістік тәжірибеден өтіп жүргені, сондай-ақ түлектердің жетекші технологиялық компанияларда табысты еңбек етіп жатқаны айтылып, бұл бағыттардың болашағы зор екені түсіндірілді.

Балалар ұйымдастырушыларға ерекше ықылас білдіріп, жылы лебіздері мен алғыстарын жеткізді. Осындай игі бастамалар олардың жүрегінде сенім мен үміт отын жағып, білім алуға деген қызығушылығын арттырды. Қайырымдылық шарасы студенттердің әлеуметтік белсенділігін күшейтіп, азаматтық ұстанымының нығаюына ықпал етті.
Мұндай мазмұнды кездесулер білім беру ортасының тек ғылым мен білім ордасы ғана емес, адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін рухани орта екенін айқын көрсетеді. Алдағы уақытта да кафедра ұжымы қоғам игілігіне бағытталған жобаларды жалғастырып, білім алушыларды кәсіби білікті, жоғары адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген тұлға ретінде қалыптастыруды мақсат етеді.

Басқа жаңалықтар