Кәсіби бағдар беру аясында мектеп оқушыларымен кездесу өтті — ҚазҰУ

91ý

Кәсіби бағдар беру аясында мектеп оқушыларымен кездесу өтті

26 ақпан 2026
Кәсіби бағдар беру аясында мектеп оқушыларымен кездесу өтті

Болашақ талапкерлерге кәсіби бағыт-бағдар беру, олардың мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына қолдау көрсету мақсатында Алматы қаласындағы М. Базарбаев атындағы №138 мектеп-гимназиясы базасында кәсіби бағдар беру кездесуі ұйымдастырылды. Аталған іс-шара жоғары сынып оқушыларына заманауи білім беру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беруге және олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауға ықпал етуге бағытталды.

Кездесуге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушылары Максутова Ш.У. және Сәндібек Д.Е. қатысып, оқушылармен мазмұнды әрі пайдалы әңгіме жүргізді. Олар өз сөздерінде университеттің білім беру жүйесі, оқу үдерісінің ерекшеліктері және студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.

Кездесу барысында «Ақпараттық жүйелер» және «Есептеу және ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект (ВИСсИИ)» білім беру бағдарламалары кеңінен таныстырылды. Оқушыларға аталған мамандықтардың мазмұны, оқыту бағыттары, заманауи пәндер, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы өзекті бағыттар туралы толық мәлімет берілді. Әсіресе, бағдарламалау, деректерді талдау, ақпараттық жүйелерді жобалау және жоғары жүктемелі жүйелерді әзірлеу бағыттарына ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында оқушыларға таңдаған мамандық бойынша кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастыру, тәжірибелік дағдыларды дамыту және еңбек нарығында сұранысқа ие маман болу жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар саласының қарқынды дамуы, цифрландыру үдерісінің кеңеюі және жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлінің артуы аясында IT-мамандарға деген сұраныстың жылдан-жылға өсіп отырғаны ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында талапкерлерге оқу үдерісінің артықшылықтары, заманауи материалдық-техникалық база, зертханалармен қамтамасыз етілу деңгейі, өндірістік және дипломалды тәжірибеден өту мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, студенттердің ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуы, стартап жобаларды дамыту, халықаралық конференцияларға қатысу және инновациялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері де таныстырылды.

Оқушыларға академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері туралы да айтылды. Бұл бағдарламалар студенттердің халықаралық тәжірибе жинақтауына, шетелдік білім беру жүйесімен танысуына және кәсіби көкжиегін кеңейтуіне үлкен мүмкіндік береді.

Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдау, оқуға түсу талаптары және болашақтағы мансаптық мүмкіндіктер туралы толық жауаптар алды. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.