«Жас ұрпақ және ел болашағы: референдумға қатысу – саналы қадам»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінде Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының ұйымдастыруымен «Жас ұрпақ және ел болашағы: референдумға қатысу – саналы қадам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында жастардың ел болашағындағы стратегиялық рөлі, олардың азаматтық жауапкершілігі және референдумға қатысудың құқықтық маңызы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар конституциялық өзгерістердің қоғам дамуына ықпалына құқықтық тұрғыдан талдау жасап, саяси-құқықтық сауаттылықты арттырудың өзектілігін атап өтті.
Кафедра ұжымы референдумға қатысу әрбір азаматтың конституциялық құқығы әрі ел дамуына қосатын нақты үлесі екенін ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен белсенді азаматтық ұстаным таныту – тұрақты және әділетті қоғам құрудың маңызды алғышарттары екені айтылды.
Конституция Преамбуласында мәдениеттің, білімнің және рухани құндылықтардың маңыздылығы көрсетілген. Алғаш рет конституциялық деңгейде тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, интеллектуалдық меншікті қорғау және көркем шығармашылық еркіндігін қамтамасыз ету туралы нормалар арнайы баптарда бекітілген.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын басты бағдар ретінде айқындап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, референдум өткізу – қоғам пікіріне сүйенген ашық әрі әділ саяси қадам.
Ағымдағы жылдың 15 наурызында өтетін референдум – әрбір Қазақстан Республикасы азаматы үшін маңызды тарихи сәт. Бұл күні ел болашағына қатысты шешімді халықтың өзі қабылдайды.
Әр азаматтың дауысы – ел ертеңіне қосқан үлесі. Сондықтан референдумға белсенді қатысу – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі болып табылады.
Басқа жаңалықтар