"Бағалы қағаздар нарығы, оның функциялары мен құрылымы" тақырыбындағы қонақ дәрісі — ҚазҰУ

91ý

"Бағалы қағаздар нарығы, оның функциялары мен құрылымы" тақырыбындағы қонақ дәрісі

27 ақпан 2026
"Бағалы қағаздар нарығы, оның функциялары мен құрылымы" тақырыбындағы қонақ дәрісі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғары мектебі «Қаржы және есеп» кафедрасы «Қаржы» білім беру бағдарламасының 2-курс және 1-курс қысқартылған бөлім студенттеріне арналған «Бағалы қағаздар нарығы және оның қызметі мен құрылымы» тақырыбында қонақ дәріс өткізілді. Аталған іс-шара «Қаржы нарығы» пәні аясында ұйымдастырылып, білім беру үдерісін тәжірибемен ұштастыруға бағытталды. Сонымен қатар, дәріс Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылып, атап айтқанда ТДМ 4 – «Сапалы білім», ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» және ТДМ 17 – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» бағыттарын іске асыруға үлес қосты.

Қонақ дәріске спикер ретінде Қазақстан қор биржасының (KASE) Қадағалау бөлімі бастығының орынбасары Ринат Майданов қатысып, студенттермен қор нарығының қазіргі даму үрдістері, оның практикалық қызмет ету ерекшеліктері, инвестициялық ортаның заманауи талаптары және қаржы нарығындағы кәсіби қызметтің негізгі бағыттары жөнінде тәжірибелік ақпараттармен бөлісті. Іс-шараның ұйымдастырушысы әрі топ эдвайзері – «Қаржы және есеп» кафедрасының доцент-зерттеушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Асилова А.С. болып табылады.

Дәріс барысында бағалы қағаздар нарығының ұлттық экономикадағы стратегиялық рөлі, оның институционалдық құрылымы мен құрамы, негізгі қатысушылары және нарықтың тиімді жұмыс істеу механизмдері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар акционерлік қоғамдардың қызмет ету ерекшеліктері, корпоративтік басқарудың халықаралық тәжірибесі, инвесторлар мүддесін қорғау тетіктері және компанияларды тиімді басқарудың заманауи тәсілдері кеңінен қарастырылды. Әсіресе, корпоративтік басқарудың голландиялық үлгісінің артықшылықтары, ашықтық қағидаттары және оны қазақстандық тәжірибеде қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Қаржы нарығында кеңінен қолданылатын негізгі инвестициялық құралдар – акциялар, облигациялар, инвестициялық пайлар және туынды қаржы құралдарының экономикалық мазмұны талданып, олардың инвесторлар үшін табыстылық деңгейі мен тәуекел ерекшеліктері түсіндірілді. Студенттер капитал нарығы арқылы инвестиция тарту мүмкіндіктері, инвестициялық портфельді әртараптандыру қағидалары, табыстылық пен тәуекел арасындағы өзара байланыс, сондай-ақ қаржылық тәуекелдерді бағалау мен басқару әдістері туралы маңызды практикалық мәліметтер алды.

Қазақстан қор биржасының ресми статистикалық деректері негізінде елдің қор нарығының даму көрсеткіштері, инвестициялық белсенділіктің динамикасы, бағалы қағаздар айналымының көлемі және биржалық инфрақұрылымның тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі рөлі таныстырылды. Сонымен қатар бағалы қағаздар нарығының қаржы ресурстарын тиімді қайта бөлудегі, инвестициялық ағындарды ынталандырудағы және ұлттық экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттырудағы стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді.

Өткізілген іс-шара студенттердің теориялық білімін тәжірибелік ақпаратпен толықтыруға мүмкіндік беріп, қаржы нарығының қызмет ету қағидаларын, инвестиция жасау негіздерін тереңірек түсінуге жағдай жасады. Қор нарығының заманауи даму бағыттарымен танысу болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастырып, олардың аналитикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға оң ықпал етті. Мұндай тәжірибеге бағытталған кездесулер білім алушылардың инвестициялық және қаржылық сауаттылығын арттырып, қаржы саласындағы нақты экономикалық үдерістерді жан-жақты түсінуіне негіз бола отырып, қызығушылығын арттырады. Нәтижесінде студенттердің кәсіби даярлығы нығайып, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жоғары білікті маман ретінде қалыптасуына маңызды алғышарттар жасалды.