- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да цифрлық маркетинг арналары мен стратегиялары бойынша студенттерге тәжірибелік бағыттағы дәріс өткізілді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да цифрлық маркетинг арналары мен стратегиялары бойынша студенттерге тәжірибелік бағыттағы дәріс өткізілді
2026 жылғы 25 ақпанда сағат 13:00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде маркетинг мамандығы студенттеріне арналған «Цифрлық маркетинг арналары және олардың ғылыми негіздері: SEO, SEM, SMM, контент маркетинг, омниканал стратегиясы» тақырыбында лекция өткізілді. Дрісті маркетолог-практик, «Маркетинг» мамандығының 1-курс докторанты Тайлакова Асель жүргізді.
Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың цифрлық маркетинг саласындағы теориялық білімін тереңдету, заманауи маркетингтік құралдардың ғылыми-әдіснамалық негіздерін түсіндіру және оларды практикалық қызметте қолдану құзыреттерін дамыту болды.
Лекция барысында цифрлық маркетингтің негізгі арналары жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, SEO (іздеу жүйесін оңтайландыру) арқылы органикалық трафикті арттыру тетіктері, SEM құралдарының ақылы жарнама жүйесіндегі рөлі, SMM-нің әлеуметтік желілердегі бренд позициялауындағы маңызы, контент маркетингтің аудиториямен ұзақ мерзімді қарым-қатынас қалыптастырудағы қызметі және омниканал стратегиясының онлайн және офлайн арналарды интеграциялаудағы тиімділігі ғылыми тұрғыда талданды.
Сонымен қатар, цифрлық маркетинг стратегияларын әзірлеуде деректерге негізделген шешім қабылдау, тұтынушылық мінез-құлықты талдау және нарықтық коммуникациялардың кешенді моделін қалыптастыру мәселелері қозғалды. Практикалық мысалдар арқылы студенттер заманауи компаниялардың цифрлық құралдарды қолдану тәжірибесімен танысты.
Лекция интерактивті форматта өтті, студенттер пікір алмасып, өз сұрақтарын қойып, талқылауға белсенді қатысты. Іс-шара нәтижесінде білім алушылар цифрлық маркетинг арналарының өзара байланысын, олардың ғылыми негіздерін және кәсіби ортада қолдану ерекшеліктерін жүйелі түрде түсінді.
Аталған лекция университеттің заманауи білім беру үрдісіне цифрлық трансформация элементтерін енгізу бағытындағы жұмысының маңызды бөлігі болып табылады және студенттердің кәсіби даярлығын арттыруға ықпал етеді.