13 наурыз күні «Метеорология» білім беру бағдарламасының 2 курс студенттерімен референдум және Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің Ата заңына енгізілетін өзгерістер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Кездесу барысында студенттерге Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызы, оның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлі түсіндірілді. Сонымен қатар референдум ұғымы, оның демократиялық қоғамдағы орны және азаматтардың мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауға қатысу мүмкіндігі туралы айтылды. 
Түсіндіру барысында Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістерге де тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті басқару институттарын дамыту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жаңашылдықтар түсіндірілді.
Кездесу барысында студенттерге референдумға қатысу әрбір азаматтың маңызды азаматтық борышы екені айтылып, елдің болашағына жауапкершілікпен қарау қажеттігі атап өтілді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың азаматтық белсенділігін қалыптастыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар