Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан бойынша 29-шы жапон тілінен шешендік өнер сайысы өтті — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан бойынша 29-шы жапон тілінен шешендік өнер сайысы өтті

16 наурыз 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан бойынша 29-шы жапон тілінен шешендік өнер сайысы өтті

2026 жылғы 14 наурызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан бойынша 29-шы жапон тілінен шешендік өнер сайысы өтті.

Байқау еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттерін, атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, сондай-ақ Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының тыңдаушыларын біріктірді. Қатысушылар жапон тілін жоғары деңгейде меңгергенін, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын және Жапонияның мәдениеті мен қоғамына деген терең қызығушылығын көрсетті.

Ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы, Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігінің өкілдері, сондай-ақ серіктес білім беру және мәдени ұйымдардың өкілдері құттықтап, сөз сөйледі.

Байқау аясында қатысушылар жапон тілінде жеке баяндамаларын ұсынып, кейін қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Бұл олардың тек дайын мәтінді меңгеруін ғана емес, сонымен қатар еркін ауызша сөйлеу қабілетін де көрсетуге мүмкіндік берді.

 

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

1-орын – Садықова Әсел – Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы

2-орын – Ильяшева Сара – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

3-орын – Садықова Айым – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

4-орын – Елеубай Абылай – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

5-орын – Багышова Мадина – Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

6-орын – Петренко Валерия – Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы

 

Құрмансейіт жүлдесі – Аман Қымбат – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.

 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар мен серіктестер атынан дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегері Жапонияда екі аптаға толық қаржыландырылатын тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Екінші орын иегеріне iPad табысталды. Үшінші-алтыншы орын алған қатысушыларға JLPT емтиханына дайындыққа арналған кітаптар мен портативті колонкалар сыйға берілді. Сонымен қатар, Қазақстан жапонтанушылар қоғамының президенті Құрмансейіт Батырхан атынан арнайы жүлде ретінде соңғы үлгідегі SONY құлаққабы табысталды. 

Байқау мәдени бағдарламамен жалғасын тауып, түрлі музыкалық және би нөмірлері орындалды. Сахнада қазақстандық және жапондық қатысушылар өнер көрсетіп, ән, би және дәстүрлі музыкалық шығармалар ұсынылды. Әсіресе көрермендердің ерекше ықыласына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академиялық алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жапон студенттерінің өнері бөленді. Олар қазақтың ұлттық аспабы домбырада «Балбырауын» күйін орындап, кейін қазақтың танымал «Қара жорға» биін биледі. Бұл көрініс Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени байланыстардың нығайып, екі халық мәдениетінің өзара тоғысуын айқын көрсетті.

 

Іс-шараны ұйымдастырушылар:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Қазақстандағы жапон тілі оқытушылары қауымдастығы,

Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі.

Байқау келесі ұйымдар мен серіктестердің демеушілігімен өтті:

Жапон Қоры,

Қазақстан Республикасындағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығы,

Қазақстан-Жапон Жібек жолы қауымдастығы,

Иватани Гакуэн

«New & Rare Resources» LLP компаниясы.

Қолдаушы мекемелер:

Қазақстандағы Жапондықтар қауымдастығы,

Цукуба Университеті,

Initial bonds,

Kazakh Japan Tourism.

 

Қазақстан бойынша 29-шы жапон тілінен шешендік өнер сайысының өтуі Қазақстан студенттерінің жапон тілі мен мәдениетіне деген тұрақты қызығушылығын тағы да дәлелдеп, Қазақстан мен Жапония арасындағы академиялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті.