Биологиялық алуан түрлілікті сақтау және өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану
Биологиялық алуан түрлілік – Жер бетіндегі тірі ағзалардың, олардың генетикалық ерекшеліктерінің және экожүйелердің сан алуандығы. Әрбір өсімдік, жануар, саңырауқұлақ немесе микроорганизм экожүйеде белгілі бір қызмет атқарады. Егер бір түр жойылып кетсе, бұл бүкіл экожүйенің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.
Өсімдіктер атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөледі, топырақты эрозиядан қорғайды және көптеген жануарларға қорек пен мекен болады. Сонымен қатар көптеген өсімдіктер халық медицинасында және фармацевтика өндірісінде қолданылады. Қазақстанда дәрілік қасиеті жоғары алтынтамыр, маралтамыр, итмұрын, шырғанақ, жусан, түймедақ сияқты өсімдіктер кеңінен таралған.
Адамзаттың азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары және басқа да табиғи ресурстарға деген қажеттіліктері биологиялық әртүрлілікпен тікелей байланысты. Сондықтан биоалуантүрлілікті сақтау – қазіргі заманның ең өзекті экологиялық мәселелерінің бірі.Өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану табиғи популяцияларды сақтай отырып, ғылыми негізделген жинау, мәдени жағдайда көбейту, қалпына келтіру және мониторинг жүргізуді қамтиды.
Биоалуантүрлілік ауыл шаруашылығының дамуына да үлкен үлес қосады. Жабайы өсімдіктер жаңа ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық қорын қалыптастырады. Сонымен қатар табиғи экожүйелер климаттың өзгеруін бәсеңдетуге, су ресурстарын сақтауға және табиғи апаттардың алдын алуға көмектеседі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 15-мақсаты – құрлықтағы экожүйелерді қорғау, қалпына келтіру және тұрақты пайдалану, ормандарды тиімді басқару, шөлейттенумен күресу, жердің тозуын тоқтату және биологиялық алуан түрліліктің азаюына жол бермеу. Бұл мақсат табиғатты сақтаумен қатар, адамзаттың болашақтағы тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекеттердің бірі болып саналады. Еліміздің кең байтақ аумағында шөл, дала, орманды дала, тау және су экожүйелері орналасқан. Бұл аумақтарда көптеген сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар мекендейді. Қазақстан флорасында 6000-нан астам жоғары сатыдағы өсімдік түрі кездеседі, олардың бірқатары эндемик және Қызыл кітапқа енгізілген. Биоалуантүрлілік табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.Сондықтан табиғатты қорғау және өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін ерекше маңызды.
Осы өзекті мәселе аясында 6В05102 – Биология білім беру бағдарламасының студенттеріне «Биологиялық алуан түрлілікті сақтау және өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану» тақырыбында Тұрақты даму мақсатының (ТДМ) 15-бағыты бойынша танымдық-тәжірибелік баяндама өткізілді. Іс-шара барысында құрлықтағы экожүйелерді қорғау, ормандарды қалпына келтіру, биоалуантүрлілікті сақтау және өсімдік ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жан-жақты қарастырылып, олардың экологиялық және әлеуметтік маңызы талданды. Сонымен қатар Қазақстандағы биоалуантүрліліктің қазіргі жағдайы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау шаралары және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану жолдары жөнінде ақпарат берілді. Студенттер ТДМ 15 мақсаттарының мазмұнымен танысып, аталған мақсаттарды жүзеге асырудағы болашақ биолог мамандарының кәсіби рөлі мен жауапкершілігін талқылады.
Тұрақты даму мақсатының 15-бағыты табиғатты қорғауға, ормандарды қалпына келтіруге, жер ресурстарын ұтымды пайдалануға және биологиялық алуан түрлілікті сақтауға бағытталған. Биологиялық әртүрлілік – адамзаттың өмір сүруінің негізі әрі табиғаттың тұрақтылығының кепілі. Сондықтан әрбір адам табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы тиіс.
Қазақстан табиғи байлыққа өте бай мемлекет болғандықтан, өсімдік ресурстарын ғылыми негізде пайдалану, сирек кездесетін түрлерді қорғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды көбейту және орман қорын қалпына келтіру еліміздің экологиялық қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Табиғатты қорғау – тек мемлекет міндеті ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Табиғатты сақтай отырып қана біз болашақ ұрпаққа экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі бай табиғи мұра қалдыра аламыз (Суреттер 1-3).

Сурет 1 – ТДМ 15 бойынша биологиялық алуан түрлілікті сақтау және өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану.

Өткізілген іс-шара студенттердің экологиялық білімін кеңейтіп, табиғатты қорғауға деген жауапкершілік сезімін арттыруға, өсімдік ресурстарын ғылыми негізде және ұтымды пайдалану қағидаларын түсінуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде студенттер тұрақты даму қағидаларын қолдау, биоалуантүрлілікті сақтау және құрлықтағы экожүйелерді қорғау бағытындағы іс-шараларға белсенді қатысудың маңызын түсінді.
Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті. Сондықтан болашақ биолог мамандардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы білімін жетілдіру Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің маңызды шарттарының бірі болып табылады.