ҚазҰУ мен ЮНЕСКО «Қазселденқорғау» мамандарына арналған тренинг өткізді
Алматы облысында ЮНЕСКО мен GLOFCA Бейімделу қорының жобасы аясында «Тау көлдерінің батиметриялық түсірілімі: далалық өлшеулерден – қауіп-қатерді бағалауға дейін» атты тәжірибелік тренинг-семинар өтті. Іс-шара Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Тренингтің негізгі мақсаты – биік таулы көлдерді мониторингтеу және климаттың өзгеруіне байланысты табиғи қауіптерді бағалау саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Қатысушылар көлдердің тереңдігі мен көлемін анықтаудың заманауи тәсілдерін, геокеңістіктік деректерді жинау және өңдеу әдістерін меңгеріп, оларды ықтимал қатерлерді талдау мен болжауда қолдану жолдарын үйренді. Бағдарламаның тәжірибелік кезеңі Қазақстандағы GLOFCA жобасының пилоттық нысандарының бірі – Есік көлінде өтті. Мамандар батиметриялық түсірілім жүргізіп, далалық зерттеулер жасап, су айдынының жай-күйін бағалауға қажетті деректерді жинады.

Оқытудың екінші кезеңі «Қазселденқорғау» мекемесінің Табиғи қатерлер мен гидрологиялық үдерістерді зерттеу оқу орталығында ұйымдастырылды. Қатысушылар Surfer және QGIS бағдарламаларының көмегімен жиналған мәліметтерді өңдеп, көлдің тереңдік карталарын әзірлеп, негізгі морфометриялық көрсеткіштерін есептеді. Тәжірибелік сабақтар барысында нөсер жауын-шашыннан кейін су деңгейінің күрт көтерілуі жағдайы модельденді. Мамандар ықтимал төтенше жағдайлар туындаған кезде тәуекелдерді жедел бағалау үшін қажетті деректер мен өлшеулердің тізбесін айқындап, әрекет ету алгоритмдерін пысықтады.

Аталған іс-шара климаттық тәуекелдерге төзімділікті арттыруға, табиғи апаттардың алдын алу жүйелерін жетілдіруге және ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Жоба БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға үлес қосады. Атап айтқанда ол ТДМ-13 – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», ТДМ-11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» және ТДМ-17 – «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі