ҚазҰУ-да жас математиктердің жарысы өтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқушыларға арналған «Олимпиадалық академия» республикалық жобасының финалдық кезеңі өтіп жатыр.

Жобаның негізгі міндеті – балалардың математикалық мәдениетін қалыптастыру, логикалық ойлау қабілетін дамыту және ғылым мен технологияға қызығушылығын ерте жастан қолдау.

Финалға жету үшін оқушылар бірнеше кезеңнен өтеді. Олар алдымен күзде өтетін іріктеу сайысында бақ сынап, одан кейін тоғыз ай бойы жүйелі дайындалады. Жыл ішінде өңірлік жарыстар ұйымдастырылып, маусым айында республикалық қорытынды кезең өткізіледі.

Жекелей сайыста үздік нәтиже көрсеткен оқушылар соңғы үлгідегі iPhone секілді бағалы сыйлықтармен марапатталады. Финалға шәкірт дайындаған жетекшілер де өзара сынға түсіп, кәсіби шеберліктерін көрсетеді.

Сондай-ақ «Zerdeli-Group» басшысы аталған жобаға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті секілді еліміздегі ең беделді ЖОО-ның қолдау көрсеткеніне арнайы ризашылығын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар