Ұлттық нақыштағы бір күн — ҚазҰУ

91ý

Ұлттық нақыштағы бір күн

19 наурыз 2026
Ұлттық нақыштағы бір күн

18 наурыз – «Ұлттық киім күні» аясында Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл мерекелік шара Ұлттық киім күні мен Наурыз мейрамы аясындағы рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісіне айналды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастарға ұлттық киімнің мән-маңызын тереңірек түсіндіру, оның тарихи тамырын таныту және ұлттың рухани мұрасын дәріптеу болды. Факультет студенттері мен оқытушылары кимешек, сәукеле, шапан, тақия сынды дәстүрлі қазақы киімдерді киіп, олардың шығу тарихы, қолданылу ерекшеліктері мен символдық мәні жайында мазмұнды ақпараттармен бөлісті.

Шара барысында ұлттық музыка әуені ерекше атмосфера қалыптастырды. Дәстүрлі оркестрдің сүйемелдеуімен күйлер орындалып, халық әндері шырқалып, көркем билер көрермен назарына ұсынылды. Бұл көріністер қатысушыларды ұлттық өнердің тереңіне жетелеп, қазақ мәдениетінің байлығын тағы бір мәрте паш етті.

Сонымен қатар, кеш қонақтарына қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, олардың дайындалу ерекшеліктері мен тарихи маңызы таныстырылды. Бұл бөлім де қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, ұлттық ас мәзірінің алуан түрлілігіне назар аудартты.

Әсіресе, қыздардың нәзіктік пен әсемдікті айшықтайтын камзолдары мен сәукелелері, ер азаматтардың айбынын көрсететін шапандары мен тақиялары көпшілік ықыласына бөленді. Әрбір ұлттық киімнің өзіндік философиясы, тәрбиелік мәні және эстетикалық ерекшелігі бар екені кеңінен түсіндірілді.

Іс-шара аясында студенттер арасында шағын дефиле ұйымдастырылып, ұлттық киім үлгілері заманауи форматта таныстырылды. Бұл көрініс дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімді байланысын көрсетіп, ұлттық киімнің бүгінгі күндегі өзектілігін айқындай түсті.

Ұлттық киім – тек сыртқы сән үлгісі ғана емес, ол халқымыздың тарихы, дүниетанымы мен рухани байлығының айнасы. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін нығайтып, ата-баба мұрасына деген құрметін арттыруға үлкен ықпал етеді.

Шара соңында құрметті қонақтар мен ұстаздар жастарға ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді. Ұлттық рух пен бірлікті дәріптеген бұл күн қатысушылар жадында ерекше әсер қалдырды.